10 қаң, 2024 сағат 15:31

Алматы облысында жолда пара берген жүргізушілер сотталды

Фото: freepik

Сот Алматы облысының жол полициясы қызметкерлеріне пара берген жүргізушілерді жазалады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәліметінше, 4 қаңтарда Қарасай аудандық соты Алматы облысы жол полициясы батальонының 6 қызметкеріне және басқа да тұлғаларға қатысты үкім шығарды. Олар көлік жүргізушілерін әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін пара алғанына кінәлі деп танылды.

"Лауазымды тұлғаларға 58,8 миллион теңге айыппұл салынды. Дәл осы үкім бойынша пара берушілерге жалпы сомасы 3,85 миллион теңге айыппұл салынды", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Арман Тілеуқанов.

Сотталғандардың барлығы өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылған. Қылмыстық кодекстің 41-бабына сәйкес, айыппұл белгіленген мерзімде төленбесе, жаза бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.