22 жел, 2023 сағат 22:45

Алматыда автобус бір топ адамды қағып кетті - видео

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда автобус аялдама маңында тұрған бір топ адамды қағып кетті. Оқиға салдарынан 3 адам қаза тапты, деп хабарлады "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 22 желтоқсанда сағат 18:15-те №47-бағыттағы қоғамдық көліктің (жеке тасымалдаушы – «ДуманТрансКом» ЖШС) ішінде жолаушысы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған, салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.

Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысқан.

"Оқиға салдарынан 3 адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді.

Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы (бұзақылық) және ҚР ҚК-нің 351-бабы (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Осы бап бойынша ол 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ұсталған адам ПД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды" - делінген хабарламада.