19 жел, 2023 сағат 10:13

Алматыда "Сергек" жаяу жүргіншілерді өткізбейтін жүргізушілерді тіркейді

Фото: Polisia.kz

"Сергек" интеллектуалды жүйесі жаяу жүргіншілер өткелдерінде адамдарды елемейтін жүргізушілерді тіркейді. Пилоттық жоба Алматыда іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Талдау көрсеткендей, биылғы 11 айда жол апатынан 556 жаяу жүргінші қаза тапты, оның 478-і жаяу жүргіншілер өткелінде. Жүргізуші тәртібін арттыру өліммен аяқталған жол апаттарының азаюына ықпал етеді", – дейді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Заңбұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабына сәйкес (“Жаяу жүргіншілердің немесе жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жүруіне басымдық бермеу”) тіркеледі.

Мысалы, егер автокөлік жаяу жүргіншіден кейін жүрсе, бұл жол жүрісі қағидасын бұзу болып саналмайды. Ал егер жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермесе және тоқтамаса, оған айыппұл салынады. Егер жаяу жүргінші де, көлік құралы да бір қиылысу аймағында болса, бұл әкімшілік құқықбұзушылық болып тіркеледі.

"Біздің интеллектуалды жүйе жол жүрісі қағидаларын бұзуды тіркеп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, ықтимал қауіпті жүргізушілерді анықтайды. Жаңашылдықтардың бірі – жаяу жүргіншілерді өткізбейтін жүргізушілерді тіркеу", – деп атап өтті әзірлеушілер.

Сонымен қатар интеллектуалды жүйе пилоттық режимде жүргізуші мен көлік құралының алдыңғы орындықтарының жолаушыларында бекітілмеген қауіпсіздік белдігі сияқты заңбұзушылықтарды тіркейді.