24 қаң, 2024 сағат 13:33

Жер сілкінетіні дер кезінде ескертілмеуіне Нұрәлі Әлиевтің қатысы бар ма?

Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты

Алматыдағы жер сілкіністері туралы халықты хабардар етуге арналған жүйені орнатуға жауапты болған мердігердің Нұрәлі Әлиевке қандай қатысы бар? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кезекті брифингінде ведомствоның ресми өкілі Арман Тілеукеновке осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

«Біз ол ақпараттан хабардармыз. Сондай-ақ, әріптесіміз, қоғамдық кеңес мүшесі Дидар Смағұловтың әлеуметтік желідегі жазбасын оқыдық. Бұл факті бойынша «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің арызын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тіркеді», - деді Арман Тілеукенов.

Сондай-ақ, ол «Әділдік жолы» жолдаған хат бойынша тексеру жүргізілетінін атап өтті.

«Материалдар өкілетті органға тексеру жүргізу үшін жолданды. Сол тексерудің қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданып, БАҚ пен қоғамға хабарланады», - деді агенттіктің ресми өкілі.

Еске салайық, «Әділдік жол» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дидар Смағұлов әлеуметтік желіде Алматыдағы жер сілкіністері туралы алдын ала құлақтандыратын жүйені орнату үшін 1,1 млрд теңге жұмсаған мердігер компанияның артында экс-президенттің жиені Нұрәлі Әлиев тұрғанын жазған еді.