15 сәу, 2024 сағат 18:05

Алматыдағы соңғы жер сілкіністерін жапон ғалымдары зерттейді

Сурет: aviasales.ru

Сыртқы істер министрлігінің жанындағы KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі жапон ғалымдарын Алматыдағы жер сілкінісін зерттеуге шақырып отыр. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«2024 жылғы 16-19 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жанындағы KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша жапон мамандарының қатысуымен арнайы семинар ұйымдастырады. Іс-шараны Жапонияның JICA халықаралық даму агенттігі, қазақстанның Құрылыс саласындағы ғылыми зерттеу және жобалау институты, сондай-ақ, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы бірлесіп ұйымдастырады», - деді ол министрліктің баспасөз мәслихатында.


Айбек Смадияровтың сөзінше, Жапон мамандары Орталық Азияның және Кавказ елдерінің өкілдерімен сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы тәжрибесін бөлісіп, сейсмикалық оқшаулау саласындағы озық технологиялар мен стандарттар туралы пікір алмасып, сейсмикалық құрылыстағы әлеуетті ынтымақтастықты талқылайды.

«Сондай-ақ, сарапшылар Алматы және Ното қалаларындағы соңғы жер сілкіністерін зерттейді. Бұл болашақта сейсмикалық тәуекелдердің алдын алу стратегияларын әзірлеуге өз септігін тигізеді», - деді СІМ ресми өкілі.