04 мам, 2024 сағат 13:22

Арқалықта аударылған АН-2 ұшағы инфаркт алған науқасты тасымалдаған


Қостанай облысының жедел жәрдем көлігінің баспасөз қызметі бір күн бұрын аударылып қалған санитарлық авиация бортындағы жолаушылардың жағдайы туралы хабарлады. Оның атап өтуінше, адам өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, ішінде болған науқастың жағдайы тұрақты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еске сала кетсек, оқиға бір күн бұрын болған: Арқалық-Ақсұңқар арасында санитарлық рейс орындайтын Navigator авиакомпаниясының Ан-2 ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін 16:10–да аяқ астынан биіктігін бірден төмендетіп, еріген қар суы жиналған су айдынына сырғып түсті.  

Бортта ұшқыштар, санитарлық авиация бригадасы және пациент болған. 

«Төтенше жағдай орын алған жерге 3 жедел жәрдем бригадасы шықты. Өрт сөндірушілерге ұшақтағы барлық адамдарды эвакуациялауға көмектескені үшін алғыс айтамыз. Абырой болғанда, борттағылардың барлығы аман. Экипаж, пациент және санитарлық авиация бригадасы тексеру үшін Арқалық облыстық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. Санитарлық авиация тобы мүшелерінің ешқайсысы ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Облыс орталығына жеткізіліп, қазір Арқалық дәрігерлерінің бақылауында жатқан науқастың жағдайы бірқалыпты», - деп хабарлады ведомстводан.


Сондай-ақ пациент бүгін сол санитарлық авиация командасымен, бірақ жердегі көлікпен тасымалдап жатқаны атап өтілді.