09 жел, 2018 сағат 17:09

Архив – тарих сақтаушысы

Қазақстан халқы тәуелсіздігін алғалы бері ел тарихында елеулі өзгерістердің куәсі болып келе жатқаны анық. Қай заманда, қандай қоғамда болмасын, отаншылдықтың бастауында ұлттық мақтаныш сезімі тұратындығы, ал оның қайнар көзі - тарих пен мәдениет екендігі анық.

Жас қадамын басқан ел үшін салт-дәстүрінің атадан қалған асыл мұраларын келер ұрпаққа аманат ету, жалпы ұлттық құндылықтарымызды сақтау және барша халық игілігіне пайдалану - басты мақсатымызға айналғанына еш күмән жоқ. Сан ғасырлық тарихы бар еліміздің басынан өткен небір аласапыранның өзі құнды жәдігерлеріміздің бүгінгі күнге жетуіне кедергі бола алмағаны белгілі. Сол құндылықтарымызды сақтап, халық мүддесіне пайдалануды жүзеге асыру бүгінгі күні мемлекеттік архивтердің еншісінде.

1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңы жарық көрді. Архивтің жаңа дәуіріне, оның өркендеуі мен дамуына айқын жол ашқан 1998 жылғы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының талаптарына сай жұмыс істеу біздің міндетіміз әрі мұратымыз деп білеміз. Қазіргі таңда архив саласына айрықша көңіл бөлініп, құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдауда - қолданыстағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заң жобасына бүгінгі күн талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде мемлекет қорғайды. Еліміздегі барлық архивтер төл заң аясында атқарылған барлық қызметтерін айқындаған және мемлекет пен азаматтар мүддесін абыроймен атқарып келеді. Кең байтақ еліміздің әр даласының, әрбір тасының өшпес тарихы бар. Соны жинақтау, сақтау және қорғау әрбір архивистің борышына айналғаны сөзсіз.

Ұлттық архив ұлт мұрасының алтын ордасы, төл тарихымыздың алып діңгегі екені баршаға аян. Осы заңымызға сәйкес Түркістан қалалық мемлекеттік архивінде мемлекеттік сақтауға өткен құжаттардың тізімдері, тізімдемелері мен сақтау бірліктері, қор карточкалары электрондық жүйеде жасалынған. Архивтің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығаюда: принтер, сканерлер, жиһаз, қоймада ылғалдылық пен температураны өлшейтін құралдармен жабдықталған. Құжаттар әлеуметтік-құқықтық сипаттағы азаматтардың өтінішін қанағаттандыру үшін кеңінен пайдаланылады. Сақтаудағы құжаттардан адамдарға еңбек өтілі, еңбек ақысы жөнінде анықтамалар беріледі. Тіпті архивке келмей-ақ сұрауды электрондық пошта, интернет арқылы жолдап, архивтік анықтама алуда.

Сонымен бірге архивистер архив қорларының жиналуына, сақталуына күш салысып, белсенді қызмет атқаруда. Архив қорының толықтыру көзі болып табылатын мекемелерге, өндірістерге, кәсіпорындарға өз тарапымыздан әрқашан әдістемелік құралдар мен нұсқаулықтарды және нормативтік-құқықтық актілер тізімдеріне сәйкес әдістемелік көмек көрсетіліп келеді. Түркістан қалалық мемлекеттік архиві құжаттарды қабылдау және пайдаланушылардың мүдделеріне сай пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме. Түркістан қалалық архивінде үлкен жауапкершілігі жүктелгенін сезінетін, өз ісін білетін мамандар және дарынды архивистер қызмет етеді. Ұлттық архив қорға түскен әр құжатты сақтауға өткізген соң, көздің қарашығындай қорғап, сол қалпында ұстап отыру - архив қызметкерлерінің қасиетті борышы. Ұрпақтар ауысса да, архив құжаттары қалады. Өйткені архив - мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының сақтаушысы.

Шадат КУДРАТУЛЛАЕВА,

Түркістан қалалық архивінің жоғары санатты архивисті