05 жел, 2023 сағат 13:29

Астанада көктайғақ: мектеп оқушылары қашықтан оқиды

Фото: ашық дереккөзден

Астанада екінші ауысымдағы даярлық сыныбынан тоғызыншы сыныпқа дейінгі мектеп оқушылары да қашықтан оқиды, деп хабарлады қалалық білім басқармасы.

"Ауа райының нашарлауына байланысты 2023 жылдың 5 желтоқсанында екінші ауысымдағы 0-9 сынып оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшеді", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көктайғақтан зардап шеккендердің саны туралы мәлімет берді.

"5 желтоқсанда ауа райының нашарлауына байланысты азаматтар қалалық ауруханалардағы медициналық көмекке жүгінген. Сағат 00.00-ден 08.00-ге дейін 37 шақырту түскен, ол азаматтардың ешқайсысы ауруханаға жатқызылмаған", - делінген хабарламада.

Ведомство қалада травматологиялық пункттердің жұмысы күшейтілгенін мәлімдеді.

"Қалалық денсаулық сақтау басқармасы елорда тұрғындарына жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін мүмкіндігінше абай болуға және табаны ыңғайлы аяқ киім киюге шақырды", - делінген хабарламада.

Жарақат алған жағдайда дереу медициналық пункттерге хабарласу қажет.

"Бүгінгі таңда 4, 5, 6, 7, 9 10-қалалық емханаларда 4-ші санаттағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем бөлімшелері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді", - деп хабарлады басқармадағылар.

Астанада жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасы себілді. Қаланың мемлекеттік қызметтері күшейтілген режимде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.