22 қар, 2017 сағат 12:53

Астанада соғым маусымында ет бағасы қымбаттамайды

Бас қалада соғым маусымында сиыр етінің бағасы 1 350 теңгеден аспайды, - деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы Астана қаласының Ауылшаруашылық басқармасына сілтеме жасап.

Астанада ет бағасын тұрақтандыру мақсатында ірі тауар өндірушілерімен коммуналдық базарға сиыр етін бекітілген бағамен тікелей жеткізу бойынша келісім-шарттар жасалды.

"Аталған келісім-шарттар шеңберінде сиыр етінің алдыңғы жауырын бөлігін сатып алу бағасын (1300 теңге/келі) және бөлшек сату бағасын (1350 теңге/келі) белгілеуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге Ақмола облысының Целиноград ауданы өндірушілерінің қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда сиыр етінің бағасы 1300тг/кг сомасында бекітілген", - делінген Ауылшаруашылық басқармасы таратқан ақпараттық хабарламада.

Айта кетейік, елордада азық-түлік бағасын тұрақтандыруға, оның ішінде ет бағасын реттеуге қалада апта сайын өткізіліп жатқан ауылшаруашылық жәрмеңкелері септігін тигізіп жатыр.

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бүгінге дейін Астанада 64 аймақтық ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, онда 27 440 мың тонна өнім сатылды. Қала әкімдігі аталған жәрмеңкені қараша айының соңына дейін өткізуді көздеп отыр.