26 жел, 2023 сағат 12:25

Атырау облысында полицейлер мұз астына түсіп кеткен екі адамды құтқарды

Фото: Polisia.kz

Атырау облысында полицейлер мұз астына түсіп кеткен әйел мен оған көмектеспек болған ер адамды құтқарды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

25 желтоқсанда сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданы Шарон өзені үстінде белгісіз әйел мұз ойылып, суға түсіп кеткені жөнінде аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне хабар берген. Аудандық полиция бөлімінен саптық жиыннан тарап келе жатқан қызметкерлер тез арада оқиға орнына жетуге бағыттама алған.

Бұл хабарламаны естіген тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан да уақыт өткізбей жеке автокөлігімен оқиға орнына жеткен. Сөйтіп ол автокөліктен арқан жіп алып, мұз үстіне шыққан. Мұз бетінде тұрып көмекке келген ер адамның да ойыққа түсіп кеткенін көрген. Сол сәтте патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері Артур Каримов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев және учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев көмекке келіп, суға кеткен әйел мен оған көмектесуге оқталған ер адамды құтқарып қалған. Жұқа мұз үстіне онға жуық адам шыққан соң мұз ойығы одан әрі үлкейген. Алайда адам өміріне араша болар сәтте, аязды күнде мұзды суға қарамастан оқыс оқиғаға куә болып, бейжай қарамаған 1996 жылы туған азамат пен полиция қызметкерлері 1959 жылы туған әйелді жағаға шығарған.

Олар мұзды су астында болған әйел мен қатты суықтаған ер адамды жағадан шығарып, жедел-жәрдем қызметкерлерінің келуін күтпей, аудандық ауруханаға уақытылы жеткізген. Қазіргі таңда 64 жастағы әйел адам дәрігер бақылауында.