16 қаң, 2024 сағат 12:47

Атырауда өзін-өзі өртеген ер адам 81 пайыз күйікпен ауруханаға түсті

Фото: Pixabay

Атырау облысында 63 жастағы ер адам өзін-өзі өртеп жіберді. Соның салдарынан денесінің 81 пайызын күйік шалды. Қазір ол облыстық ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Kazinform

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл оқиға Мақат ауданында болған.

«Мақат аудандық полиция бөліміне Доссор кентінің Б.Аймағамбетов көшесіндегі тұрғын үйдің жанында ер адам өзін-өзі өртегені туралы хабар түсті. Полиция қызметкерлері өзін-өзі өртеген аталған ауданның 1961 жылғы тұрғыны екенін анықтады», - дейді департаменттің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, ер адам биыл зейнет жасына толады екен. Бірақ оның мұндай оқыс қадамға не үшін барғаны белгісіз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өзін-өзі өртеген адам 14 қаңтарда кешкі сағат 20:15-те Атырау облыстық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне жеткізілген.

«Дәрігерлер ер адамның денсаулық жағдайын жіті тексерді. Қазір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр, денесінің 81 пайызын күйік шалған», - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметі.