12 қаң, 2024 сағат 16:07

Атырауда мүмкіндігі шектеулі қызды зорламақ болған педофилге үкім шықты

Фото: әлеуметтік желіден

Атырауда церебральды сал ауруына шалдыққан қызды зорламақ болған педофилге үкім шығарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" AtyrauPress порталына сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың желтоқсанында «Авангард» шағынауданында көлік ұрлап, 13 жасар қызды зорламақ болған ер адам ұсталды.

Анасы қызын көлікте қалдырып, өзі бірнеше минутқа дүкенге кіріп кеткен. Ал дүкеннен шыққан кезде көлік орнында болмаған. Атырау қаласының патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің жедел әрекет етуі нәтижесінде 34 жастағы ер адам қылмыс жасамақ болған кезде ұсталды. Кейінірек мүмкіндігі шектеулі қыз церебральды сал ауруымен ауыратыны белгілі болды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл оқиғаға 2023 жылдың маусым айында нүкте қойған. Іс жабық сот отырысында қаралғандықтан, істің мән-жайы күшіне енбеген.

Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің және оның заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденген. Ол қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды: қызды зорлау әрекеті және көлікті ұрлап, айтарлықтай шығын келтіру.

«Сот үкімімен ер адам екі бап бойынша да кінәлі деп танылды. Сотталушы өзі кінәсін мойындады. Оған 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметіндегілер.