02 сәу, 2024 сағат 11:59

Бес облыс су басу аймағында қалып отыр – ТЖМ


Фото: ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі


Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов елде су тасқыны жағдайы тұрақты, бірақ күрделі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.


"Су тасқының жағдайы тұрақты-күрделі. Батыс аймақтарда су аздап төмендеді, ал орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзендер деңгейінің қарқынды көтерілуі байқалады. Су басу аймағында 5 облыс қалып отыр, әкімдіктер жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жариялады", - деді Сыздықов үкімет отырысында.


Вице-министрдің айтуынша, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталып отыр. Бұл жерлерге дереу күштер мен құралдар жұмылдырылды. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда.


Су тасқыны басталғалы бері 15 мың 786 адам эвакуацияланған, оның ішінде 6 мың 187 бала (Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Ұлытау, Абай, Ақмола, Атырау, Қарағанды, СҚО, Түркістан, Алматы, Павлодар).


Қазір уақытша орналастыру пункттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала (Ақтөбе, БҚО, Ақмола, Атырау, Қостанай) бар. Олар үшін барлық қажетті жағдай жасалған.


Сыздықов су тасқыны белсенді кезеңге өтпеген елді мекендерде алдын алу шаралары күшейтілгенін атап өтті.