05 жел, 2023 сағат 16:35

БҚО-да 14 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Фото: te-st.org

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша 14 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудан прокуратурасы жүргізген талдау барысында кәмелетке толмаған оқушылардың білім беру мекемесі қабырғасында (14 мектептің информатика кабинетінде - еск.) тыйым салынған интернет-контенттерге еркін қол жеткізу фактілері анықталған.

"Осылайша, мониторинг барысында кәмелетке толмағандардың суицид пен зорлық-зомбылық көріністері бар әртүрлі сайтқа еркін кіру мүмкіндігі болғаны анықталды.

Жол берілген тәртіп бұзушылықтар үшін облыстың білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Оның нәтижелері бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 7-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке 14 мектеп директоры тартылды" - делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда прокурорлық қадағалау актісімен ауданның барлық білім беру мекемесінде осындай интернет-сайттарға кіруге шектеулер қойылған.