04 сәу, 2018 сағат 14:25

Даниал Ахметов: Тасқынның шығыны 3 млрд теңгеден асты

Шығыс Қазақстанның Зырян ауданында жағдай әлі күрделі. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зырян ауданында Бұқтырма өзенінің тасуы салдарынан жүздеген үй биіктігі 2,3 метр судың астында қалып отыр.

Әкімнің айтуынша, соңғы 3 күннің ішінде өзенге кептелген мұзды жару үшін 17 тонна қопарғыш зат қолданылған. Синоптиктер алдағы 3-4 күнде күн райы күрт жылынып, жағдай одан әрі ушығуы мүмкін екенін ескертіпті. Ал тауларда қар әлі еріп үлгермеген.

«Осы жағдайдың бәрі адам ресусрсы бойынша да, техникалық тұрғыдан да көп күш жұмсауды талап етеді. Өткен демалыс күндері 811 адам құтқарылған болатын. Қазір 474 тұрғын өз үйлеріне қайтып кірді. Апта соңына қарай тағы да тасқын күтілуде. Жамандық шақырайық деп отырған жоқпыз, бірақ жағдай өте күрделі болғандықтан, бәріне дайын болуымыз керек. Қазір аудан бойынша мыңдаған адамға уақытша баспаналар дайындалуда» - дейді Даниал Ахметов.

Аудан бойынша апат салдарын жоюға 400-ден астам адам жұмылдырылған. Коммуналдық қызмет, төтенше жағдай мамандары мен әскерилерден бөлек еріктілер де жүр. Быков ауылының жолындағы көпір қазір қалпына келіп, қатынас қайта жанданған. Бұқтырма, Вторушка, Грязнушка, өзендерінің арнасы бекемделіп, Ал Малеев ауылының сыртындағы 7 метрлік дамбыдан су мен сең қайта-қайта асып кетуде. Мұнда дамбаны биіктету жұмыстары жанданған.

Оның айтуынша, тасқыннан қатты зардап шеккен 5 аудан мен 2 қалада 1371 үй су астында қалып, 3400 адам көшірілген. Апат салдарын жоюға 3492 адам жұылдырылған. Қазірге дейінгі апат шығыны 3,2 млрд теңгеге деп бағаланып отыр. Мұншама қаражат қираған үйлердің орнына баспана сатып алу, жолдар мен көпірлерді жөндеу, өзен арналарын бекемдеу, су көздерін тазалау сияқты шараларға жұмсалмақ. Апаттан тұрғындарға келген шығын көлемін есептеуші комиссиялардың жұмысы әлі жалғасуда.

«Алдын ала есеп бойынша барлығы 104 үй толық бүлінген. Зырян ауданында бұл сан өсуі мүмкін. Мұнда су алған 414 үйдің 135-і әлі су құрсауында. Ауданның көнекөздері өзен бетіне 2 метр мұз қатуы соңғы 60 жылда болмаған деп отыр» - дейді аймақ басшысы.

Тасқыннан қатты зардап шеккен Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Бесқарағай, Зырян, Катонқарағай аудандары мен Семей және Өскемен қалалары бойынша жеке-жеке мәлімет берген әкім жергілікті әкімдік қызметкерлері мен төтенше жағдай мамандарының жанкештілікпен еңбектеніп жатқанын айтты. Сол сөзіне дәлел ретінде Зырян ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың басынан өткен жағдайды мысалға келтірді.

Ал тікұшақтың тізгінін ұстаған Данила Гурин күннің бұлтты болғанына қарамастан, жарылғыш заттарды қажет жерге үздіксіз жеткізіп тұрған. Журналистердің сауалдарына жауап берген Даниал Ахметов тасқынның осындай ауқымға таралуының себебі мұқият тексерілетінін айтты.

«Мысалы, Семейдегі төтенше жағдайдың бір себебі «адам факторы» деп қазірдің өзінде айта аламын. Бұл іспен прокуратура айналысып жатыр. Ертіс бассейндік инспекциясы Шүлбі СЭС-нен мөлшерден тыс су ағытқан. Оны Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев те өңірге келген кезінде растады» - деді өңір басшысы.