03 сәу, 2019 сағат 09:51

Елорда вокзалын «Нұр-Сұлтан теміржол вокзалы» деп өзгерту ұсынылды

Елордадағы «Астана-1 теміржол» вокзалының атауын «Нұр-Сұлтан теміржол вокзалы» етіп өзгерту ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің тиісті Қаулы жобасы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтында жарияланды.

«Астана теміржол вокзалы «Нұр-Сұлтан теміржол вокзалы» болып қайта аталсын», - делінген Қаулы жобасында. Сондай-ақ құжатқа қол қойылған жағдайда ол алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күшіне енетіні жазылған. Айта кетейік, Қаулы жобасы 2019 жылдың 16 сәуіріне дейін «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылды. Онда кез келген тұрғын өз пікірін қалдыра алады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, теміржол вокзалының атауын өзгерту мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығынды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды. Сонымен қатар ұсынылған жоба қабылданған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізу қажет етілмейді.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 23 наурызы күні Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласы - Нұр-Сұлтан қаласы болып қайта аталды. Жарлыққа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.