11 қаң, 2024 сағат 19:26

Ереуіл салдарынан "West Oil Software" компаниясына 500 млн теңгедей шығын келген

Фото: әлеуметтік желіден алынды

Қарақия аудандық соты 2023 жылдың 11 желтоқсанда басталған "West Oil Software" ЖШС қызметкерлерінің ереуілін заңсыз деп таныды, - деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

"Ереуілге қатысушылар ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіру, компанияны «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ құрылымына кіргізу және арнайы техникаларды жаңарту талаптарын қойған болатын. Алғашқы екі талапты орындау мүмкін емес. Бұл ретте ұлттық компания үшінші мәселе бойынша талапты қанағаттандыруға дайын және әзірленген үш жылдық жоспарға сәйкес техниканы жаңарту процесін бастады.

Орындалуы мүмкін емес талаптардың қойылуы нәтижесінде компанияға күн сайын материалдық шығын келтірілуде. Бүгінгі таңда ереуілге қатысушылардың заңсыз әрекетінің салдарынан компанияға шамамен 499 млн. теңге залал келтіріліп отыр. Бұл компанияның қаржылық жағдайына ғана емес, ереуілге шыққан жұмысшылардың отбасылық бюджетіне де әсер етеді.

Ереуіл басталғаннан бері осы ереуілге қатысушыларға олардың әрекеттерінің заңсыздығы туралы бірнеше рет түсіндірілді. Сонымен қатар арнайы техникалардың кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары басталғандығы және жұмысқа шығу қажеттілігі туралы хабарланды.

Компанияның ереуілге шыққан жұмысшыларымен мәселені келіссөздер үстелінде шешуге шақыру әрекеттері сәтсіз аяқталды. Жекелеген белсенділер мұндай бастамаларға тосқауыл қойып, ереуілді тоқтатқысы келетіндерге барлық талаптар жақын арада біздің пайдамызға шешіледі деп оларды жаңылыстыру арқылы ұстап отыр.

Алайда, олардың үгіт насихатына  қарамастан, кейбір жұмысшылар заңсыз акцияның пайдасыздығын түсініп, одан бас тартты. 50-ден астам адам өз жұмыс орындарына оралды. Жақын арада жаңылысқан адал жұмысшылардың көп бөлігі жұмысқа шығады деп күтілуде.  

Біз ереуілдің жекелеген көшбасшыларының ойларын, жеке қызығушылығы мен әрекеттерін білеміз. Осыған дейін жұмыстан шығарылған 7 белсенді үшінші тұлғалардың мүддесі үшін "West Oil Software" ЖШС жұмысына кері әсер етіп, оның орнына басқа компанияны әкелуге тырысуда" - делінген хабарламада.

"West Oil Software" ЖШС басшылығы 2024 жылдың 12 қаңтарынан бастап заңсыз ереуілдің жалғасуына түрткі болған қызметкерлерді жұмыстан шығаруға ниетті. Бұл ретте Қарақия ауданының мансаптық орталығында жұмыссыздық бойынша есепте тұрған азаматтарды бос орындарға жұмысқа қабылдау жоспарлануда. 

"Егер мекемеміздің өз міндеттерін орындауға кедергі келтіретін іс-әрекеттер тоқтатылмаса, компания тергеліп жатқан қылмыстық іс шеңберінде жауапқа тарту туралы мәселені шешу үшін тиісті материалдарды құқық қорғау органдарына беруге мәжбүр болатынын ескертеміз.

Өз кезегінде, "West Oil Software" компаниясы әрқашан өз ұжымына қамқорлық жасайды. Біздің жұмысшыларымыздың жалақысы басқа көлік компаниялардың жалақыларынан орта есеппен алғанда жоғары. Жұмысшылардың әлеуметтік пакетін жақсартып, жалақыны көтере отырып, компания басшылығы кездесу өткізіп жүр.

Біз жұмысшыларды "ат басындай алтын" береміз деп уәде ететін, өзімшіл мақсаттарын көздейтін арандатушылармен келіспеуге шақырамыз. Біз парасатты болуымыз керек, отбасымызды адал еңбекпен асырап,  балаларға дұрыс тәрбие беруге мүмкіндік берген компаниядағы тұрақтылықты бағалауымыз керек" - делінген хабарламада.