21 қар, 2022 сағат 18:03

Ерлан Асқарбеков: Әлемнің ең мықты баспагерлері қазақ романистерінің соңынан жүгіретін болады


Былтырғы жылы әдеби өміріміздегі елеулі уақиғалардың бірі – Mecenat.kz ұжымы ұйымдастырған роман бәйгесі болды. Бұндай аламан бәйге әлемде Король Людовик 14 кайтыс болған 1715 жылдан бері болмаған еді. Әсіресе, конкурсқа тігілген жүлде қоры айрықша. Бабы келіп, бағы жанған қаламгер өмірінің соңына дейін ай сайын 500 АҚШ долларын алып отырады. Бұл дегенің біздің елдегі кішігірім шенеуніктің бір айлық жалақысына барабар сома. Бұндай жобаны әдебиетіміз үшін жасалған қамқорлық, жоба жетекшілерінің мәрттігі, азаматтығы демей көріңіз! Өткен жылы бұл бәйгеден белгілі журналист, жазушы Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы топ жарды. Аталған қаржыны алып қаламгердің қанжығасы майланды. Роман бес мың данамен «Arna-B» баспасынан жарық көрді. Қазіргі таңда орыс тіліне аударылу үстінде. Биыл аталмыш роман бәйгесінің екінші кезеңі жалғасын тауып жатыр. Осы орайда сыйлықтың негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков ағамызбен аз-кем әңгіме өрбіткен едік. 

- Қадірлі Ерлан аға, роман бәйгесі дегенде ХХ ғасырдың басындағы Есенқұл қажы жариялаған байқау еске оралады. Соның нәтижесінде Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлу», Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» сынды тамаша туындылары өмірге келіп, қазақ әдебиетіндегі роман жанрының басталуына, дамуына елеулі үлес қосқан еді. Сіздер қолға алған «Mecenat.kz» роман бәйгесі қазіргі заман қазақ әдебиеті үшін, соның ішінде роман сынды күрделі жанрының дамуына үлкен серпін беріп отыр. Сіздерге бұл идея қалай келді? Жүзеге асу барысында қандай қиындықтар болды? Алдарыңызға қандай мақсат, мүдде қойдыңыздар?

- 1996 жылы 22 жасымда мен ақын ретінде Республикалық байкаудың жеңімпазы атандым. Б. Қанапьянов пен Мұрат Әуезов сынды нағыз қаламгерлерді көрдім. Сонымен қатар дауыс беру және марапаттау рәсімінің куәгері болдым. Ол жерде қазақтілді талантты ақынмен дос болып, «Ала қойды бөле қырқып» жатқан заманда «шала қазақтар» мен «нағыз қазақтардың» тату дос бола алатынына көзім жетті. Бұл жердегі ең басты мәселе екі қазақтың танымында болатын. Ар мен ұят, адамгершілік, өнерге деген адал көзқарас болғанда ғана достықтың жалауы қашанда желбіреп тұратынының анық дәлелі еді бұл.

2000 жылы арт менеджмент курстарын бітіріп, ағылшын елшілігінің мәдениет бөлімі – Британдық кеңесте жұмыс атқардым. Біз сол жылдары ағылшын мәдениетін жарнамалайтын көптеген жобалар ұйымдастырдық. Сол кезден бері мені қазақ тілінің және мәдениетінің, әдебиетінің даму жолындағы қиындықтар қатты алаңдататын. Тығырықтан шығудың жолдарын үнемі ойластырып жүрдім. Мысалы, сол жерде қызмет атқарып жүріп, әлемдік әдебиетте алдыңғы қатарда тұратын Британияда, жылына 300 – 400 роман, ал Ресейде 80 роман жарыққа шығатынын білдім. Ал 2 миллион тұрғыны бар кішкентай ғана Словенияның өзінде жыл сайын 80 роман жазылып, оқырманға жол тартып жататын. Міне, осындай елдердің жанкештілігі өздерінің әдебиеті мен тіліне деген шексіз құрметінің белгісі еді.  

Бізге келетін болсақ, егемендік алған алғашқы өтпелі кезеңдерде жылына небәрі саусақпен санарлық романдар ғана жарық көріп жатты. Оның өзі кітап сүйер оқырманның қолына жете бермейтін. Керек десең ол шығармалардың барлығы дерліктей қазақ тілді кітаптар емес еді. 

Мен қазақстандық жазушылар әлемге танылу жағынан, біздің классикалық музыканттарды, реперларды, Димашты, боксшыларымызды, шахматшы қыздарымызды, кинорежиссерлерімізді куып жетеді деген үмітімді ешуақытта жоғалтқан емеспін. Сосын да, әлемнің ең мықты баспагерлері қазақ романистерінің артынан жүгіруге әбдден лайық екеніне еш күмән келтірмейтінмін. Алайда бір мәселе бар: аңыз болу үшін – аңызға сай болу керек. Головкин өзін аяса, оның аты Майқұдықта да шықпас еді. Егер Серік Апрымов сценарийдің алғашқы нұсқасын жазуға монах іспетті ден қоймаса, оны әлемдегі барлық кино мамандары біле бермес еді. Жаңа дыбыс іздеген Скриптонит пен Иманбек жұмыс үстінде шамырқанып 10-20 пернетақтаны сындырмаса, олардың есімін тіпті туыстары да ұмытып кетер еді. Марат Бейсенғалиев виртуоздық ойынмен 4 жыл бойы күніне 16 сағат демалыссыз, мерекесіз айналыспаса, өзі кітабында әзілдегендей, қазір көлік сатумен айналысар еді. Басымыздан өтіп жатқан осы қиындықтар, біздің қаншалықты күрескер ұлдар тәрбиелегенімізді көрсетеді. Олардың бұл ерлігі әрдайым жігерімізді жанып отырады. Бізде үлгі аларлық қаһарман азаматтар жеткілікті. 

Осы жобаны іске асыру барысында, біз барлық қаламгерлердің сыйлық туралы хабардар болуына бар күшімізді салдық. 3 ай бойы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында, кешкі уақытта жоба туралы бейнебаян көрсетілді. Оның ең танымал телеарна екенін барша халық біледі. «Аманат» партиясы мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасы да милиондаған халыққа жобамыз туралы үздіксіз ақпарат беріп отырды. Мәдениет министрі 7 мыңнан астам мәдениет мекемелеріне біздің байқауды зерделеуді, оқырман мен қаламгерлерге толыққанды ақпарат беруді қадағалады. Сондықтан да, бұл аламан бәйгеден ешкімнің де хабарсыз қалуы мүмкін емес деп ойлаймын. 

Роман бәйгесінің бірінші кезеңінде 67 қолжазба келіп түсті. Кәсіби сыншылардың сараптауымен, осылардың арасындағы 11 романның көркемдік сапасы аса жоғары деңгейде жазылған деп бағаланды. Сол мамандар бізге осы жобаның арқасында қазақ және орыс тілінде 6-7 мықты роман жазылғанын айтып қуанысты. Бұл бір жағынан жетістік болса, екінші жағынан кәсіби қаламгерлердің басым бөлігінің байқауға қатыспағанын аңғартады. Шамамен оған не түрткі болғанын да білетін сияқтымыз. Біріншіден, жазушылар сыйлықтың шын мәнінде жүзеге асатынына аса сенімді болмаған сияқты, екіншіден, әділ болатынына күмәнданған болуы керек. Біреулер 2022 жылдың қыркүйек айында біздің жеңімпаз ай сайынғы сыйақысын алмаған деген қауесет шығарды. Келесі күні таңертең жеңімпазымызға дәлел ретінде, түбіртектері бар видео материал көрсетуге тура келді. Осындай да аяқтан шалулар болып тұратыны заңды құбылыс. Ең бастысы біз барша қаламгерлердің сеніміне ие болдық.


Айта кетерлігі, Жазушылар одағының басшылығы, басқа да шығармашылық ұйымдар жобамызды құптап, жан-жақты қолдады. Тағы бір мәселе сайт жұмысының машақаты болды. Сайт жасаудың күрделілігін жете бағаламағаным үшін әлі де ұяламын. Соған қарамастан сайтымыз оқырман берген дауысты тура, анық санау міндетін лайықты атқарды. Байқауға қатысушылар туралы тағы екі мәселені айта кеткен жөн. Шорт-листке енбегендердің басым көпшілігі жақсы сюжеттерге құралған тартымды шығармалар бере алған. Бірақ олар әдеби курстарға бармағаны анық және роман жазуды мектептегі көлемді эссе жазумен пара-пар деп те ойлайған секілді. Айта кетерлік жайт, қатысушылардың көпшілігі дайын қолжазбаларды қайта қарап, толықтырып, жетілдірмей жолдаған. Мен сұхбаттарда, жазушылармен кездесулерде «Воскресенье» романының алғашқы 2 бетін 180 рет қайта жазған Л.Толстой мен «Қош бол, майдан!» романының соңғы тарауын 47 рет қайта жазған Э.Хемингуэйді үнемі мысалға келтіріп отырдым. Әлемдік деңгейдегі кәсіби қаламгер мен қатардағы жазушының айырмашылығы міне осындай еңбек жолынан көрінеді. 

Осы орайда айта кететін тағы бір сөз, біздің алғашқы жеңімпазымыз Шархан Қазығұл өз романын 5 рет, ал айрықша маңызға ие 2 бөлімін 20 реттен астам қайта жазып шыққан. Қалған жеңімпаздар да өз шығармаларын кемі 2-3 реттен қайта қарағанын айтып отыр. Міне бұл шығармашылық процестің қаншалықты қиын деңгейде жүретінін анық көрсетеді. 

Жобаның негізгі мақсаты – әдебиетімізді кәсібилендіру. Кәсіби шыңдалған қаламгерлерге жол ашу. Біз әдебиеттегі ең ауыр роман жанрын алып, аламан бәйге ұйымдастырып, ең лайықты шығармаға жүлде береміз. Бұл жай ғана 500 доллар туралы емес, бұл біздің мәдениетімізде жаңа гауһар тастар галактикасын құрайтын әр жылдардағы жеңімпаздарға деген үлкен құрмет. Әрине, олардың кино мен театрға, тіпті поэзияға тигізер әсері зор.

Жеңімпаздар ай сайын сыйақыларын алады. Әрине, шығармашылық жолын алаңсыз жалғастыру үшін, қаржылық жақтан қысым көрмеу - кез келген қаламгердің басты арманы. Бірақ ол үшін Толстой мен Хемингуэй сияқты еңбек ете алу керек. Дүниежүзілік кітап нарығын бағындыру үшін, алдымен өз халқының құрметіне ие болу ләзім. Қазіргі қазақстандық романдар 500-1000 данамен ғана шығады, біз болашақта бұл тиражды 100 мың данаға дейін көтеруге болатын мүмкіндікті көріп отырмыз. Біздің зиялы қауымның арасында осындай кемелденген қаламгерлер бар деп есептейміз және оларға үлкен сенім артамыз.

- Сіздер ұйымдастырып отырған роман бәйгесінің жүлде қоры айрықша. Жүлдеге лайықты қаламгер өмірінің соңына дейін 500 доллар қаржы алып отырады. Кітаптары мол тиражбен тарайды. Қазіргі қалталы азаматтар өздеріне пайда әкелетін жоба болмаса инвестиция сала бермейді. Қаржы көзін қалай тауып, демеушілерді қалай ұйымдастырып отырсыздар?

- Мен бұл жобаны 2003 жылдардан бері ойластыра бастадым. Сол жылдары бірнеше танымал қазақ олигархтарына ұсыныс жасадым және жыл сайын олармен кездесіп, сөйлесіп қолдау білдіруін күттім. Сол жылдар ішінде бас-аяғы оннан аса өте қалталы азаматтарға ұсыныс айтумен болдым. Олардың көбі кездесуден бас тартты, кейбірі, тіпті, менің жобамды күлкі қылды. Шығар жол таппай қысылғанда еліміздің бірінші, екінші президентіне ұсыныс жасауды да ойладым, бірақ оның сәті түспеді. 

Бір күні дәм тартып Тимур Турловпен таныстым. Екеуара жақын әңгімелесіп жүрдік. Бесінші рет кездескен әңгіме үстінде оған осы жоба туралы ойымды ашып айттым. Ол кейіннен біздің елдің азаматтығын алғаны баршаңызға мәлім. Мен ол кісіге өзім дайындаған бес жобаны көрсеттім. Оның төртеуі мүлдем өнер туралы емес, тек жеке кәсібімізге байланысты еді. Ал бесінші жобаға өмір бойы ақша жұмсайтынымызды, сонымен қатар бұл жобаны мұрагерлікке қалтыру мүмкіндігін де қарастырғанымды айттым. Екеуміз бұл жобаны кеңінен талқыладық. Бұл жоба Тимур Русланұлының компаниясына ешқандай жарнама жасап бермейді және қосымша қаржылық табыс әкелмесі де анық. Тимур Русланұлына түсетін бар пайда, өзі көшіп келген елдің мәдениеті мен әдебиетін көтеру және оның жоғары сапада орындай алатынын халыққа да, билікке де дәлелдеп көрсету еді. 

Ең қызығы, аталмыш жобаның бірінші баспасөз конференциясына бір ай мөлшерінде уақыт қалғанда, Тимур Русланұлы мені тағы да таң қалдырды. Тимур бұл жобада біз елдің назарын өзімізге және өзіміздің кәсібімізге емес, қайта жазушыларға аударуымыз керек деген ұсыныс білдіріп, өзінің атын атамауды айтып, конференцияға қатыспады. Тек екі ай өткесін ғана жоба туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Осы орайда, Тимур Русланұлының азаматтығы мен ұлт руханиятына деген жанашырлығы үшін алғысымды білдіргім келеді.   


- Ендігі бір сұрақ роман бәйгесіне түскен шығармаларды бағалау туралы. Өткен жылы Шархан Қазығұл «Күлпет» романымен мәреге жеткенде, әлеуметтік желіде аздаған қарсы пікірлер айтылды. Ондағы басты түйткіл дауыс беру арқылы үздік туындыны таңдап алу тым әділетті болмайды деген дәйекке сүйенді. Өйткені кімнің таныс-білісі, араласатын ортасыны, аудиториясы кең болса сол көп дауыс жияды да, шын мәніндегі сапалы шығармалар тасада қалып қалады деген пікірлер айтылды. Біздің ойымызша бұл орынды пікір сияқты. Дауыс берген оқырмандардың баршасы сол романды оқып, ризалығынан дауыс бере бермейтіні анық. Бұл жерде жүзі таныс жазушыға бәрібір бүйрегі бұрылары сөзсіз. Сондықтан да романды бағалаудың жаңа критерийлерін қарастыру керек сияқты. Бұған не дейсіз? Үздік туындыларды мықты, әділ, кәсіби жазушылар мен сыншылардан құралған комиссия арқылы анықтауға мүмкіндік бар ма? Жоқ әлде ол да әділетті шешім шығаруға қауқарсыз ба?

- Мен бұл жерде әділқазыларға емес, әділ және таза процедураға сенемін. Ең әділ сыншылардан құралған комиссия біріші немесе екінші жылы-ақ таныс адамдарын қолдап, жеңұшымен жалғасқан жемқорлықпен айналыспауына кім кепілдік бере алады? Өйткені, жиырма жастағы автор үшін өмірінің соңына дейін 400 000 доллар алу мүмкіндігі бар екенін ұмытпау керек. Бірінші маусымда біз оқырмандар берген дауыстың дұрыс саналмауының үш түрлі себебін анықтадық. Сонымен шұғыл ұйымдасып, сол қателіктердің барлығын жөндедік. Бұл менің жемқорлықты қаншалықты жек көретінімді жақсы білетін, ескі достарымнан басқалары үшін күтпеген жағдай болды. Мен үшін марапаттың беделді болуы, жеңімпаздардың көп дауысты адалдықпен жинауы өте маңызды. Ол үшін біз бірінші және екінші орынға дауыс берген оқырмандардың барлығына телефон соғып, бірінші маусымдағыдай видеоға түсіреміз. Әлеуметтану ғылымында айтылатындай, біз нәтиже бере алатын тұжырымды жауаптарды жинадық. Соның негізінде нақты, әділ берілген дауыстар қабылданып отырды. Біздің пайымымызша, қазылардың ешбірі шынайы, сапалы оқырмандардай заңды күшке ие бола алмайды. 

Ал жазушылардың туыстары мен жақындарына келетін болса-ақ, ол барлық қаламгерлер де бар ортақ жағдай. Ең бастысы олар азшылық дауысқа ғана ие болатынын ұмытпауымыз керек. Бұл болжамды жоққа шығару үшін айта кетейік, бірінші кезеңнің жеңімпазы - Қызылорда облысынан шыққан қаламгер, ал оған дауыс бергендердің географиясына қарасақ, көпшілігі Алматы, Астана және басқа да облыстардан дауыс бергенін білу қиын емес. Егер сіз өз идеяңызға сай жаңа механикасы бар байқауды қаласаңыз, өзіңіздің механикаңызды жасап, қаражат көзін тауып ұйымдастыруыңызға болады. Ал біз mecenat.kz командасы еліміздің дамуы үшін, мәдениетіміздің гүлденуі үшін басқа сайыстармен қуана бәсекеге түсуге әзірміз. Айтпақшы, осы жоба басталғалы бері еліміздегі әдеби байқаулар арасында тың серпін жүріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл біз үшін айрықша қуанарлық жайт. Бұл біздің де бір мақсатымыздың орындалғанының көрінісі.

- Биылғы «Меценат» роман бәйгесіне шетелде тұратын қандастарымызда қатыса алатыны туралы жаңалықтарыңызды оқыдым. Бұл - өте тамаша құптарлық іс. «Меценаттың» көкжиегі кеңи бергені құба құп. Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар? 

- Мен 2003 жылдан бері, шетелдегі қазақ диаспоралары туралы, олардың әдебиеті мен мәдениеті туралы үнемі ойланып келемін. Оларға қолымнан келгенше қолдау білдіргім келеді. Біз бірінші баспасөз мәслихатында, жобаның екінші кезеңінен бастап, шетелдегі қандастарымызбен бірге жұмыс істейтініміз туралы айтып, уәде бердік. Біздің қандастарымыз әлемнің он шақты еліне шоғырлана қоныстанған, ондағы жазушыларды осы жобаға тарту бір жыл емес, бірнеше жылдарды қамтитын жұмыс екені анық. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз. Және шетелдегі қандас қаламгерлерді роман бәйгесіне атсалысуға шақырамыз. 

Қазіргі таңда біз бас жүлдеден басқа, шорт-листқа енген қаламгерлерді жазушылармен, кинопродюсерлермен таныстыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл қаламгерлер үшін жеңімпаз болып қана қоймай, тіпті жобамызға жетекшілік ету үшін де керек тәсіл деп бағалаймын. Роман бәйгесіне қатысқан қаламгерлерге қабылетін ондан ары шыңдай түсу үшін, кәсіби шеберлерден сабақ алуға қажетті қосымша демеушілер іздеп жатырмыз. Бұл да үлкенді-кішілі жазушыларымыз үшін тамаша мүмкіндік болары сөзсіз. 

Осы орайда отандық қаламгерлердің бұл жобаға деген көзқарасының өзгергені туралы айтқым келеді. Біз бәйгенің әділ өтуі үшін жобаның техникалық тұрғыдағы қорғаныс шараларын бұдан да күшейте түсетін боламыз. Сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген талантты авторлардың бізді естіп, өз романдарын қайта қарап, көркемдік сапасын жоғарлатып жатқанын естідік. Бұл біз үшін аса қуанышты жағдай.

Бір нәрсе анық: біз - баспа немесе әдеби агент емеспіз, болмаймыз да. Біз үшін барлық күш-жігерді байқаудың өзіне шоғырландыру өте маңызды.


- Қазір жастар арасында роман жазу үдерісі біршама қарқын алып келеді. Отызға енді жеткен жас қаламгерлердің кейбірі бірнеше романның авторы атанып үлгерді. Олардың шығармашылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қырық не отыз бес жасқа дейінгі жас қаламгерлердің шығармасын бөлек сараптап, бағалау жүргізсе, оларға тағайындалатын жүлде қорын да басқаша қарастырылса деген ой келеді. Бұл жас прозиктерді ынталандыра түсер еді. Сіздер бұған қалай қарар едіңіздер?

- Жазушылар мен жобаға қатысушылар жастар номинациясын да, пьесалар, әңгімелер, өлеңдер байқауын да қосуды сұрады. Бірақ бүкіл Қазақстанды, бүкіл әлемді жаулап алатын бірнеше авторлар шыққанша, біздің назарымыз әзірше осы роман бәйгесінде болатынын айтқым келеді. 

Сұхбаттасқан: Ұмтыл Зарыққан