16 сәу, 2024 сағат 11:13

Ертіс жағасындағы елді мекендер үшін қауіпті кезең 20 сәуірде басталуы мүмкін — инспекция

Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма мен Шүлбі су қоймаларынан Ертіске жалпы көлемі 6,5 текше километр су жіберіледі. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында Шығыс Қазақстандағы қоймалар қазір су жіберудің негізгі ядросына кіріскенін хабарлады.

Яғни 13 сәуірден бері өзенге секундына 3500 текше метр су құйылып жатыр. Бұл құбылыс 24 сәуірге дейін жалғасады.

Оның сөзінше, судың алғашқы легі Павлодар облысына 20 сәуірде келіп жетеді деп күтіліп отыр.

Өзеннің ойпаң тұстарында орналасқан елді мекендер үшін сол уақытта қауіпті жағдай туындауы мүмкін.

"Қазгидромет мекемесінің гидробекеттері беріп отырған мәліметке сүйенсек, Ертістің суы әзірше көп көтеріле қойған жоқ. Мысал үшін Павлодар қаласындағы Затон бекетінде су деңгейі 592 сантиметрді (қауіпті деңгей — 800 см) және Автомобиль көпірі маңында ол 479 сантиметрді (1084) көрсетіп отыр. Өзеннің төменгі ағысындағы гидробекеттердің кейбірі су деңгейі тіпті төмендеп кеткенін тіркеді. Яғни Ертісте су деңгейі әзірше қалыпты. 20 сәуірден бастап Ертіс өзені арқылы үлкен толқындар келеді. Сол уақытта су деңгейі күрт көтеріледі деп күтіліп отыр. Жіберілетін су ең әуелі жайылмалардың суға қанығуы үшін жасалып отырған шара екенін ескеру керек. Су мол екпінмен келсе, жайылмаларға мол су шығады. Шамамен 300 мың гектардан астам аумақты су басуы керек. Екінші мәселе, өзеннің ойпаң тұстарында орналасқан елді мекендерге тасқын судың кіру ықтималдылығы. Біздің шамалауымызша, Май ауданының Қаратарек, Көктөбе, Ақсарай ауылдарына, Павлодар қаласының Кенжекөл, Атамекен кенттерінің төменгі аумақтарында, Павлодар ауданының Мичурин ауылында судың жайылуы болуы мүмкін. Жергілікті билік жақсы қамданса, тұрғын үйлерге төніп тұрған соншалықты қауіп жоқ", -дейді Е.Қамбаров.