25 қаң, 2024 сағат 08:24

Қарағандыда еңбек мигранттарына жалған медициналық анықтама беріліп келген

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қарағанды облысы прокуратурасының тапсырмасы бойынша жеке медициналық ұйымның қызметі тексерілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.

"Еңбек мигранттарына жұмысқа орналасу үшін 075/Е нысанындағы 700-ден астам жалған медициналық анықтама беру фактілері анықталды.

Жекелеген жағдайларда жалған анықтамалар деструктивті діни ағымдарды ұстанатын адамдарға берілген, олар кейіннен анықталып, ел аумағынан шығарылды" - делінген хабарламада.

Айта кету керек, медициналық орталықта медициналық тексеруден өтуді растайтын құжаттама, сондай-ақ оны жүргізуге қажетті жағдайлар болмаған.

"Медициналық ұйымның заңсыз қызметі азаматтарымыздың қоғамдық денсаулығына қауіп төндірген.

Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті медициналық ұйымның кінәлі тұлғаларына қатысты әкімшілік шаралар қабылдады, ұйымның қызметін тоқтата тұру туралы нұсқама енгізілді.

Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары қылмыстық іс тіркеді. Тергеу жүргізіліп жатыр" - делінген департамент хабарламасында.