27 жел, 2023 сағат 16:06

Қарқаралыда адамдарға шапқан қасқырдан құтыру ауруы анықталды

фото: novyefoto.ru

Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында шектеу шаралары жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"27 желтоқсаннан бастап профилактикалық мақсатта Қарқаралы қаласы бойынша шектеу шаралары жарияланды. Бұл шара қалада көзі жойылған қасқырдың сараптамасынан құтыру ауруының расталуынан туындап отыр. 

Осыған байланысты келесідей шараларға тыйым салынады:

• иттер мен мысықтардың көрмесін өткізуге, құтыруға күдікті болған малдың өнімін (сүт, ет, тері) шығарып, тасымалдауға;

• ауыл шаруашылық жануарларын, иттер мен мысықтарды шығаруға және тасымалдауға;

Профилактикалық шаралар барысында иттер мен мысықтарды және басқа да жануарларды ұстау жағдайын тексеру бойынша аулаларды аралау жүргізіледі. Ауруға күдікті болған жағдайда, дезинфекция жасалады. Сондай-ақ, барлық жануарға (ауыл шаруашылық жануарлары, ит, мысық) құтыру ауруына қарсы екпе жасалады", - делінген хабарламада.

Жобамен бұл шектеу шаралары бір айға енгізіледі.

Әкімдік мәліметінше, әзірге Қарқаралы қаласы бойынша ауыл шаруашылық жануарлары, сондай-ақ иттер мен мысықтарда құтыру ауруы анықталмаған. 

"Үйдегі малдарыңыз бен иттеріңізде құтыру белгілері байқалса, дереу аудандық ветеринариялық инспекцияға - 31939, ветеринариялық станцияға 32304 номері бойынша міндетті түрде хабарласу сұралады" - делінген хабарламада.