20 ақп, 2026 сағат 15:20

Қазақстан авиациясы жаңа деңгейге көтеріледі: Boeing-пен жаңа жобалар

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шокки-ді қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында авиация, қорғаныс және ғарыш техникасын шығаратын трансұлттық корпорациямен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды.

Президент отандық Air Astana, SCAT Airlines және Vietjet Qazaqstan әуе компанияларының Қазақстандағы авиация саласын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Air Astana мен Boeing арасында ұшақ жеткізу жөніндегі келісімге қол қойылғанын құптады. Жоспарға сәйкес, биыл жыл соңына дейін АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашу үшін Қазақстанға Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізіледі.

Сонымен қатар SCAT әуе компаниясы қосымша Boeing ұшақтарын сатып алуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, америкалық корпорациямен серіктестік аясында Шымкент әуежайында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

Джефф Шокки компанияның цифрландыру бағытындағы жоспарларымен бөлісіп, Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, әуе жүк тасымалы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол.

Кездесу барысында авиация саласына мамандар даярлау және еліміздегі жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін кеңейту перспективасы да талқыланды.