19 жел, 2023 сағат 16:01

Хабар-ошарсыз кеткен 18 жастағы астаналық такси жүргізушісі табылды


Полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен елорда тұрғынының орналасқан жерін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қаласының полиция Департаментіне сілтеме жасап.

"Астана қаласы ПД криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі кентіндегі компьютерлік клубта хабар-ошарсыз кеткен астаналықты анықтады" - делінген хабарламада.

Бұған дейін “Байқоңыр” ауданы ПБ-ға елорда тұрғыны жүгініп, жалға алынған “Chevrolet Cobalt” маркалы автокөлікпен үйден жеке тасымалдаумен айналысуға кеткен 18 жасар ұлын іздестіруге жәрдемдесу туралы өтініш білдірген.

Жас жігітті іздеуге Астана қаласы ПД жеке құрамы мен қосымша күштер бағытталған.

"Адамдардың жаппай шоғырлану орындары, жатақханалар мен қонақ үйлер тексерілді, хабар-ошарсыз кеткен адамның араласатын ортасы орнатылды, бейнебақылау камералары қаралды. Тексеру барысында оның Астана қаласынан Қарағанды қаласына шығып, кейін Алматы облысына келгені анықталды" - делінген департамент баспасөз қызметінің хабарламасында.