15 жел, 2023 сағат 14:46

Қоқиқаздарды үйінде асырап-баққан ақтаулық блогер жазалана ма?


Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев тобынан адасып қалған қос қоқиқазды үйінде баққан, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Блогер қоқиқаздардың балапанын Қаражанбас кен орны мен Ақтау портынан тапқан. Ол құстарды үйінде ұстап, теңіз өнімдерімен асыраған. 

Азамат әлеуметтік желідегі парақшасында Қызыл кітапқа енген бұл құстарды үйінде ұзақ ұстай алмайтынын, алайда құзырлы орындардан ешкімнің хабарласпағанын айтқан болатын.

Аталған жағдай бойынша аумақтық орман шаруашылығы инспекциясының басшысы құстарды орналастыру бойынша шара қабылданып жатқанын жеткізді.

— Инспекция мамандары қоқиқаздарды барып көрді. Тиісті акт жасады. Құстардың жағдайы бірқалыпты. Жарақаты жоқ. Енді Алматы хайуанаттар бағына тапсыру жөнінде келісім жасалды. Бүгін құстарды алып кетеді. Ал оларға қамқорлық жасаған ерікті бұл әрекеті үшін жауапкершілікке тартылады деген жалған ақпарат, - деді Ғаббас Досатов.