11 жел, 2023 сағат 15:10

Қостанайдағы жарылыс: үйінді астынан екі адам құтқарылды

Фото: Қостанай облысы ТЖД

Қостанайда жүк көліктерін жөндеуге арналған бір қабатты ғимарат қирады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"11 желтоқсан сағат 12:39-да Қостанай қаласына қарасты Амангелді кентінде газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан жүк көліктерін жөндеуге арналған бір қабатты ғимараттың қирағаны туралы хабарлама келіп түсті.

Куәгерлердің айтуынша, үйінді астында адамдар болуы мүмкін" - делінген хабарламада.

Фото: Қостанай облысы ТЖД

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қостанай облысы ТЖД және жергілікті атқарушы орган күш-құралдары жұмылдырылған.

"Алғашқы медициналық көмекке 12 адам жүгінді. Құтқару жұмыстары кезінде үйінді астынан екі адам шығарылды. Іздеу жалғасып жатыр", - дейді ведомстводағылар.

Облыстық ТЖД басшысы Қайрат Қасымның сөзінше, оқиға куәгерлері адамдар құтқарылған жерде тағы үш кісінің барын айтқан.

"Қазір апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Екі адам табылды. Оларды жедел жәрдем қызметіне тапсырдық. Үшінші адамның аяғын плита басып қалған. Бір қабырға құлайын деп тұрғаны жұмысты қиындатып отыр. Ол тек үйдің төбесіне ғана тіреліп тұр. Жұмыс асқан мұқияттылықты талап етеді. Бұл мәселе көп техникамен шешілмейтін болып тұр", - деді ол.