28 нау, 2018 сағат 11:01

ҚР Премьер-Министрі оңтүстіктегі шаруалармен кездесті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі  Бақытжан Сағынтаев Сарыағаш ауданында болып, ондағы аграрлық-өнеркәсіптік кешен дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуымен және инновациялық технологияларды қолданатын шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды  "Ұлт ақпарат".

Үкімет басшысы осы аудандағы «Келес» ЖШС-нің пленка және көшет қондыруға арналған ыдыс шығаратын өндірістік цехын аралап көрді. Жобаның жалпы құны 150 млн теңгені құраса, оның 23 млн теңгесі несиеге алынған. Іске қосылғанына бір-ақ ай болған цехта жылыжайға арналған жабдықтар шығарылады.

Мұнан соң Бақытжан Сағынтаев «Жабай ата» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Бұл қожалық жабық топырақ жағдайында сапалы қызанақ сортын жыл мезгілінің күзгі-қысқы және ерте көктемгі уақытта заманауи технологияны пайдалана отырып өндіретін шаруашылық болып табылады.  2009 жылы құрылған қожалықта бүгінге 20 гектар суармалы жері бар.  Жобаның құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Мұнда жылына 2250 тонна қызанақ пен қияр өнімдері өндіріледі. Өндірілген өнімнің 60 пайызы ішкі нарықты қамтыса, 40 пайызы Ресей Федерациясына экспортталады. 

Айта кетейік, бүгінде облыстағы жылыжайдың  жалпы көлемі 1 325 гектарға жеткен. Оның 95,5 гектары өнеркәсіптік,  1229,1 гектары фермерлік жылыжай саналады. Яғни, еліміздегі жылыжайлардың 84 пайыз үлесі Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі.  2017 жылы өңірдегі жылыжайлардан  174 мың тонна көкөніс өнімдері алынған. Атап айтқанда, 104,4 мың тонна қияр, 69,6 мың тонна қызанақ өндірілді. Ағымдағы жылы өңірде 214 гектар жылыжай салу жоспарлануда.

Үкімет басшысы сапар барысында «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нің тұқымбағына да аялдады. Шаруа қожалығының басшысы Танабай Шынтасов Бақытжан Сағынтаевқа суармалы егіншілікте жаңа технологиялардың қолданылуы туралы әңгімелеп берді. 2002 жылы құрылған бұл шаруашылықтағы суармалы жер көлемі 96,5 гектарды құрайды. Мұнда бүгінде  200 мың дана жеміс пен  700 мың дана жүзім көшеті және элиталық декоративтік ағаш көшеттері өсірілуде. Өндірілген өнімнің 60 пайызы ішкі нарықты қамтыса, 40 пайызы Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларына экспортталуда.  Жылына 100 млн теңгенің өнімін өндіретін қожалықта 48 адам жұмыспен қамтылған. 

Бұдан кейін ҚР Премьер-Министрі тұқымбақта ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерімен арнайы жиын өткізді. Шара барысында АӨК дамыту бойынша Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев баяндама жасады. Сондай-ақ, жиында «Қазагро» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов несиелендіру жөнінде баяндады.  

Бүгінде өңірде 8 элиталық көшет өндіретін шаруашылық бар. Сегіз көшетбақта өндірілген жемістің көшет саны  2746,5 мың дана болса, 3469 мың данасы жүзім көшеті саналады. Аталған сегіз көшетбақтың бесеуі Сарыағаш ауданында орналасқан. Ал, Мақтарал мен Қазығұрт ауданында және Шымкент қаласында  1 млн 399 мың дана жеміс пен 743 мың дана жүзім көшеті өндірілуде. Өндірілген орта бойлы жеміс көшеттері 2,4 мың гектар алқапқа, 3469 мың дана жүзім 2  мың гектарға егуге жетеді. 

Қазіргі таңда облыста өнім беру жасындағы 15 мың гектар жеміс бар. Оның 1,404 мың гектары Сарыағаш ауданында жайқалып тұр. Ал, «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-де өсіп тұрған жемістер гектарына 80 центнерге дейін өнім беруге қауқарлы. Аудандағы жемістер  гектарына  50,7 центнерден өнім бере алады.  Былтырғы жылы өңірде жалпы алынған жеміс өнімінің көлемі  86,2 мың тоннаға жеткен.