04 сәу, 2019 сағат 10:20

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы тағайындалды

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы лауазымына Дархан Қанатбеков тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы лауазымына әділет полковнигі Дархан Тұрсынұлы Қанатбеков тағайындалды. ҚАЖК-нің жаңа төрағасын жеке құрамға ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев таныстырды», - деді ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі - ресми өкіл Нұрділдә Ораз.

Оның атап өтуінше, Ерлан Тұрғымбаев комитет қызметкерлеріне ішкі істер органдарын және қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту бойынша негізгі іс-шаралар туралы айтып, ел Президентінің ІІМ-нің алдына қойған жаңа тапсырмаларына тоқталды.

Д.Қанатбеков қылмыстық артқару жүйесі органдарында 2001 жылдың қазан айынан бастап қызмет атқарады. Жұмыс тәжірибесі, оның ішінде басшылық қызметтегі іс-тәжірибесі мол. Ол қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бөлім бастығы, бастықтың орынбасары, Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, департамент бастығы болып қызмет етті. Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.

Бұған дейін ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасы лауазымын атқарған Азамат Базылбеков қызметінен босатылды.