25 сәу, 2024 сағат 13:28

Қырғызстанда сел жүріп, 200-ден астам тұрғын үй су астында қалды


Фото: ura.ru


Бұл туралы Бішкекте өткен брифингте елдің Төтенше жағдайлар министрлігі басшысының орынбасары Урматбек Шамырқанов мәлімдеді, деп хабарлайды Синхуа агенттігі.


Ол Ош, Жалал-Абад және Талас облыстарында төтенше жағдай енгізілгенін хабарлады.


Айтуынша, 20 сәуірден бері республикада толассыз жауған жаңбыр салдарынан 50-ге жуық сел болған. 200-ден астам тұрғын үй мен 300 аула, бірнеше мектеп пен әлеуметтік нысан су астында қалды. Лай ағындары жолдар мен көпірлерді басып қалды.


Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Жалал-Абад облысының Ноокен ауданында селге қарсы бөгетті су жарып өтіп, 300 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілгенін хабарлаған болатын. Ош облысының Қара-Құлжа ауданында сел көлікті алып кетіп, ішіндегі адам қаза тапты.


Сейсенбі күні Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов селден зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтты.