19 қар, 2018 сағат 10:49

Мақтаарал ауданында «Бауырсақ фестивалі» өтті

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерекесінің екінші күні Атакент кентінің орталық стадионында «бауырсақ фестивалінен» басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айтулы датаның ажарын ашқан іс-шаралардың бірі - «бауырсақ фестивалі» болды. Аталмыш фестивальге Атакент кентіне қарасты 12 балабақша қатысып, ұлттық тағамдар мәзірін ұсынды. Шарада қазақтың дастарханынан үзілмейтін ши бауырсақ, тұшпара, «монастырьская изба», жол бауырсақ және шай бауырсақ секілді бауырсақ түрлері пісірілді.

Фестивальде жұртшылықтың назарын ерекше аударып, қызығушылығын танытқан Атакент кентіндегі "Бәйтерек - Бақ" балабақшасының тіл үйірер бауырсақтары болды. Өйткені, мұнда түйенің, биенің сүттеріне иленіп пісірілген "Америка бауырсағы", "Үнді бауырсағы", "Қырым" және "Тәжік", "Өзбек" бауырсақтары дайындалған. Балабақша қызметкерлері тек әділ қазылар ғана емес, келушілер мен өзге де қатысушылардың қызығушылығын тудырған ерекше бауырсақтардың пісірілу тәсілдерімен де бөлісті.

Сонымен қатар, бауырсақ фестиваліне қатысушылар мен көрермендерге қатысушы балабақша бүлдіршіндері концерттік бағдарламаларын ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.