05 ақп, 2024 сағат 13:36

«Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары тоқтатылды

 

Фото: Павлодар облысы ТЖД

«GRP-RIDDER-GROUP» ЖШС жүргізген зерттеу нәтижелері ойық түбінде топырақ құрылымы өзгеріп, әлсірегенін анықтады. Астындағы қуыстар мен бос кеңістіктердің құлау қаупі өте жоғары, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinformға сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері аталған учаскеде қандай да бір тау-кен, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу құтқарушылар мен мамандар үшін үлкен қауіп төндіріп тұрғанын айтады.

«Апатты жою жөніндегі басшының орынбасары - КӘАҚҚ РШО Павлодар филиалы директорының орынбасары Ерлан Жарқымбеков құтқарушылардың, экскаватор машинистерінің өміріне қауіп төнуіне байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтата тұру туралы шешім қабылдады», - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Осыған байланысты «Майқайыңалтын» АҚ басшылығы ӘҚҚБ РҚШ ҚҚ-мен бірлесе отырып өнеркәсіптік қауіпсіздік, тау-кен, геологиялық жұмыстар саласындағы сарапшыны кеніш аумағына шақырды. Маман апаттың барлық периметрін тексеріп шыққан соң, іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыру немесе толық тоқтату туралы қорытынды шығарылады.

Қазіргі уақытта Павлодар облысы ТЖД барлық күштері мен құралдары жұмыс жүргізіліп жатқан жерде тұр.