09 қаң, 2024 сағат 12:57

Автобусқа дейін 5 метр қалды - министр «Майқайыңалтындағы» апат туралы

Фото: Павлодар облыстық ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ-ның алтын кенішіндегі ойыққа түсіп кеткен автобусты шығару жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform

«Әзірше автобусқа дейін 5 метр қалды. Өте баяу түсу қажет. Ең бастысы – құтқарушылар мен ойықты аршып жатқан жұмысшылардың қауіпсіздігі. Бұл оңай шаруа емес. Нақты мерзімін, сағатын, ай-күнін айту қиын. Өйткені құтқару жұмыстары қайта-қайта үзіліп қалып жатыр – аумақты сканерлеп, қауіпсіз екеніне көз жеткізіліп тұру керек. Автобусты, бір құтқарушы мен жүргізушіні міндетті түрде алып шығамыз. Жұмыс жүріп жатыр, мерзімін айту қазір қиын», - деді ол Үкімет отырысынан кейін өткен брифингіде.

Министр қазақстандық құтқарушылар мұндай жағдайға бірінші рет тап келіп тұрғанын айтты.

«Бұл - ерекше жағдай. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Сондықтан тәжірибеміз де жоқ. Қазір әлемдегі тәжірибелерді зерттеп жатырмыз. Сіз әуеден көтеру мәселесін айттыңыз ғой. Оның ықтималдығы аз. Бұл жерде жер қыртысын аршып, автобусқа жетіп алу қажет. Ал жер қыртысын аршу үшін экскаватор мен басқа да техникаларды пайдалану керек», - деді Сырым Шәріпханов.