02 ақп, 2016 сағат 08:54

Мұхтар Мағауин: “Алдаспанмен” өткен отыз жыл — менің бар ғұмырым

Мен

Басы…

***

“Алтын дәптер” — 1965 туралы мана, жөнекей ескертумен шектелдік, “Аласапыран” аян түсті дедік, яғни, бұл тараптағы негізгі әңгіме — алда. Бұл жылы “Қобыз сарыны” тәмам болды, талқылау — қудалауға ұласты, аспирантураны бітіріп, қызметке тұрдық, зерттеу еңбектің негізгі тұрғыларын жарияладық және ағымдағы баспасөз бетінде түгелге жуық әйгілеуге негіз жасадық,— жаңа проза жазуға мұрша келмеді.

Келесі екі жыл мүлде таңбасыз қалыпты. Еңбексіз өтпеген, әрине. Бірақ ол еңбегіміз — зейнет емес, мехнат еді, әйткенмен, болмасқа төгілген қара тер емес, амалсыздан атқарылған қажетті іс. Бұл кезде мен 1965 жылдың ортасына жетпей тәмамдалған диссертацияны қорғау әлегімен жүрдім. Әдеби газеттегі қызмет тағы қаншама уақытты жейді, бірақ баспасөздің бір тұтқасына ілінген соң менің жарияға шығу мүмкіндігім кеңейді, қызмет ыңғайына орай ортақолды бірнеше сын мақала жаздым, университеттің соңғы екі курсы, аспирантураның алғашқы жылдарында жазылған бірлі-жарым әдеби-сын мақалаларымды бөлшектеп, сүйрелеп бастырдым, оның ішінде, әдебиет көсемі, тірі классик дәрежесіне тартылып отырған бір ақсақалдың советшіл, бос-белбеу трилогиясы туралы жазылған, енді толықтырылып, жұмсартылып, қаншама даудан соң әрең өткен бір көлемді мақаланың аяғы үлкен шуға айналды. Ашуланған ағайындар академиктері, айқайшылдары бастап, ЦК-ға шұбырды, газет редакторына кіжінді, бір ғажабы, сен солайсың деп, бетіме қарап ешкім бір ауыз сөз айта алмады.

Бұл кезде біз бұға-бұға болғанбыз, енді қорқатын ештеңе қалмаған. Ұмыт болған ежелгі мұраны қайтадан жаңғыртқан диссертация тығырыққа біржола тірелген, жұмыстарын менен соң бітірген жігіттердің өзі қорғап кеткен, ресми түрде 1965 жылдың 11 октябрінде кафедрада талқыдан өтіп, мақұлданғанымен, тағылған кінә көп, қорғауға жібермесі, жіберсе өткізбесі анық еді; бұл кезде беделі, билігі бар ағайындардан өзіме шын тілектес екі-ақ кісі көрдім: бірі — аяулы ұстазым, ғылыми жетекшім профессор Бейсембай Кенжебаев та, бірі — тікелей бастығым, “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы, жазушы Нығмет Ғабдуллин. Менің итақайдан басқаның бәрі жетіп жатқан ғылым кандидаты дәрежесін алуым — аса қажетті, бірақ екінші қатардағы мәселе еді. Ең бастысы — Қазақ хандығы дәуірінде жасалған белгісіз мұраны қатарға қосу, ұлттық әдебиеттің арғы тарихын негіздеу болатын. Мен, әдеби газетке ілінгеннен соңғы жерде, осы тарапта жазылған еңбегімді там-тұмдап жарыққа шығару, сөйтіп, аруаққа ғана емес, өзіме де жол ашудан бөтен ниет жоқ, сын бөлімін басқарып отырсам да, дау-шарға араласпай, уақыт ұтуды ғана мақсат тұтқам. Одан берекет таппадық. Бұғынсаң да бойыңды жасыра алмайды екенсің, бір кезде булығып, тұншығып қалған әдеби сыншылық қайта тіріліп, жасандылық пен жалғандыққа деген ыза бұрқ етіп сыртқа шықты, жанжал іздеген ауыр мақала жарияланып кетті.

Бұдан соң, онсыз да күмәнді ескі мұраның соңында жүрген панасыз бала мүлде құрдымға кетсе керек еді. Олай болмады. Бір қисық қазақ ашынғанда айтқан: “Атың шықпаса жер өрте!” — деген сөз шындыққа айналды. Менің ғасырлар қатпарын қопардым дегенім, пәленді, түгенді аштым дегенім әншейін нәрсе екен. Менің өзіме және маған оң қараған тағы төрт-бес адамға ғана керек екен. Ал сырттай қанша дабырайтса да, шамалы ғана дүние екендігі жалпы жұртқа мәлім кітаптың сырын шашу — ортадан төмен, өткінші ғана шығарма екендігін ашық айту, король жалаңаш деп айқайлаған баланың ісі — он сан әдеби қауым үшін үлкен оқиға болыпты. Қияңқылық пайдаға асты — енді мені ешкім де тоқтата алмайтын еді.

Үлкен жұмыс қағаз бетіне таңбаланып біткен соң, арада тура жиырма екі ай өткенде, 1967 жылдың наурызында Қазақ университеті филология факультетінің Ғылыми кеңесінде ресми қорғаудан өттім — аруақты бабаларым Қазтуған мен Шалкиіз, Доспамбет пен Марғасқа, Ақтамберді мен Үмбетей — Қазақ Ордасы дәуірінде жасалған ұлы мұраға, сол мұраның бір шалғайына жабысқан маған да Тәңірінің тура жолы ашылды. Әлбетте, мен үшін де, менің ұлағатты Жырау-Аталарым үшін де әлі талай өткелек тұрған, бірақ менің бұғанам бекіді, қарымым қатайды, Аталарым қапастан шықты, халқымен қайта табысты, ендігі қалған шаруа — ат үстіндегі ұрыста шешілуге тиіс-ті. Әрине, біздің пайдамызға.

***

69-дың күзінде табандап үш ай отырып, “Алдаспан. Көне қазақ поэзиясының антологиясы” деген аса бір күрделі кітапты баспаға әзірледім. Асан Қайғы, Қазтуғаннан бастап, Шалкиіз, Доспамбетпен жалғасатын, Бұқар жырау, Шал ақынмен аяқталатын ежелгі қазақ әдебиетінің төрт ғасырлық қазынасы.

Мені түнектен сүйреп шығарған бабаларымның ұлы мұрасының мән-мағынасы, оны табу, жарияға шығару, таныту, ең соңында бәрінің басын қосып, топтау жолында жасалған жұмыстың қиындығы мен ауқымы туралы сөз көтерудің өзі артық деп білем. Бірақ көңілдегі ақиқат шынымды айтайын: егер біздің ғұмыр бойы жасаған және жасамақ көркем шығармаларымызды таразының бір жағына түгел үйсе, соның бәрін “Қобыз сарыны” мен “Алдаспан” антологиясы оп-оңай басып кетер еді.

Мынау еңбегім артық, мынау еңбегім кем деген сөз емес. Менің Мұхтар Мағауин деген жазушыны өте жоғары бағалайтыным жұртқа белгілі, ал осы жазбаларды мұқият оқыған кейбір ағайын, тіпті, шектен шығып кетіпті деп түйері күмәнсіз. Мәселе менде емес. Біз дүниеде болмасақ та, бүгінгі қазақ әдебиеті өз дәрежесінде жұртының қажетін өтеп жатар еді, озық, іргелі әдебиет саналар еді. 32-жылғы ашаршылықта, 41-45-жылғы кәпірлер қасабында алаштың болашақ қаншама ұлы жазушысы өмірден өшті екен — қайсысының орнын іздеп жатырмыз. Ал Доспамбет, Шалкиіздің жөні басқа. Бұлардың әрқайсысы бір адам, жай ғана ұлы тұлға емес, әрқайсысы бір ғасыр, алаштың өткен өмірінің, үлгілі рухани тарихының, биік санасы мен көркем ойының көрсеткіші. Осы ұлы жыраулардың арқасында қазақ сөз өнері орта ғасырларда әлем поэзиясының асқар биігіне шықты. Көне жыраулар мұрасы — біздің кісілігіміздің ғана емес, елдігіміздің көрінісі. Біреуінің аты өшсе, тұтас бір ғасыр үңірейіп қалмақ. Ырысың ортайып, рухың төмен түспек. Сондықтан ұмытылмауға тиіс еді. Жарыққа шығуға, ең алдымен өзімізді өзімізге танытуға, советтік идеология қалыптастырған кемшін санадан айыруға тиіс еді. Жеке бір кісіге емес, бүкіл ұлтқа керек еді.

***

“Алтын дәптердің” алғашқы бетінде: “Маған қарсы адам – қазақ халқының жауы” деген жазу тұр. Таңбаланған уақыты — дәптердің бір мүшелінде, 1972, май. “Алдаспанның” ойраны өтіп, “Көк мұнардың” дауы қызған кезде жазылыпты. Мен дегенім — Өзім, Мұхтар Мағауин. Осылай деп сендім. Қазақ деген – мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен — ұлттық мұрат. Мен — алаштың жолы. Алаш жолына, ұлттық мұратқа қарсы адам, әлбетте, қазақ халқының жауы болса керек. Сол жаудың беті қайтқан, ежелгі түріктің көк туы қайта көтерілген заман. Қиындығы көп, игілігі молырақ. Өзіміз өткен шытырманды еске алып, еркін сөйлеуіміз — сол игіліктің бір көрінісі ғана. Бізден кейінгілер бұдан батымырақ толғайтын болады. Жеріне жеткізеді.

***

Сіздің адамдық жүрегіңізді ұғуға кәпір әулетінің санасы да, түйсігі де жетпейді. Коммунистік дейсіз бе, капиталистік дейсіз бе, нәсілдік дейсіз бе — өктемдік пәлсапасы, билеуші жұрттардың жалпыға таңған жарымжан көзқарасы бүкіл адамзаттық бола алмайды. Кәпір дегеніңіз — сол, діни емес, таптық, қоғамдық таным. Сол кәпірге жағамын деп тыраштанумен өмірін оздырған, қаншама атақ-абырой алса да, ақиқат жазушылығынан айрылып қалған бір туысқан ағамыздың трагедиясын бізден кейінгілер ғана түсінер. Мейлі, оның да өз есебі бар шығар, әлемнің азаматы болғысы келді. Болсын. Мұның сыртында артық күнә арқалап жатса — тағы өзімен кетсін… Ал сіз әуел бастан-ақ туған халқыңыз үшін жаздыңыз. Орыс үшін, ағылшын, неміске танылу үшін емес. Өз жұртыңыздың көкірек-көзін ашу үшін.

***

Ең үлкен, ең басты мұрат — қасиетті Құранды қазақшалау. Түгеліне шамам келмес, тым құрса бір парасын. Ес білген шағымда, үлкен әкем Мағауия мені алдына мінгізіп алып, бұрынғы өткен ақылман, айбарлы аталарымның басына апарып, маған бата, тілек сұрап, аруаққа иман, дұға жасап, үнді даусымен, көмекейден, бар мақамына келтіре құран оқыған кездерінде, ілкіде немесе жаңа ғана осы Атам туралы айтылған әңгіменің әсері — әуезді, сырлы, құдіретті сөз — құдай сөзімен астасып, ағыл-тегіл жылайтын едім. Тіпті, ересек шағымның өзінде, құран оқылса болды, көзіме жас келетін. Ер жеттік. Атқа міндік. Атағымыз шықты. Діндар болмадық, бірақ дінімізден айныған жеріміз жоқ. Лә иләһа илаллаһ — Мұхаммәд расул аллаһ! — Алладан басқа жаратушы жоқ — Мұхамед алланың елшісі. Құдай – бір, пайғамбар — хақ. Мұның әуелгісі – кәлима, дүниенің тұтқасы, соңғысы — арғы бір заманда атаусыз ғұлама жасаған озық аударманың үлгісі. Бабам Көктегі Тәңірінің болмыс-бітісін біржола айғақтаған исламды ата-баба дінінің жаңғырған нұсқасы ретінде танып, ақиқат ындынымен қабылдаған. Өзім ақылмен ұғып, тәуба қылғам. Балам менен гөрі таза, берік сенімде. Бабам мұсылман, ұрпағым да исламның оң жолында болуға тиіс. Адамның адамшылығының ең әуелгі өлшемі — өжданның тазалығы. Қасиетті Құран сөзі — барлық бастаудың тұнығы. Алайда, Кәләм шарифтың бүгінгі тәржімаларының барлығы да жәутік, мүлде жарамсыз. Мойныма алып, бар қасиетін сақтай отырып, тым құрса жиырма-отыз сүре аударсам деймін. Әлбетте, бір күннің, тіпті бірер жылдың ісі емес. Қалған ғұмырға тұтасымен созылар сәулелі еңбек. Әуелде, “Аласапыранның” екінші кітабын бастаған кезде, Ораз-Мұхамедтің ақ киізге көтерілер сәттегі дұғасы үшін Фатиқаны аударып едім. Кейін, әрқилы көңіл ауанымен, тағы да екі-үш сүренің, жекелеген аяттардың сәті түсті. Енді үзіп тастамай, үздіксіз толғану керек болады. Пенделік сауап емес, мұсылмандық парыз жөнімен. Жанға пайда, жазуға септік үшін. Рухани өмірде ғана емес, шығармашылық өнерде де жаңа бір тыныс, өзгеше бір өрнектер табармын деп үміттенем.

Қасиетті Құранға қатысты сөздің түйіні — қаламнан қайыр күткен талапкердің діні берік, өжданы биік, иманы кәміл болуға керек. Жазушылық — адамтану ғылымы. Ал бұл адамның ең басты қасиеті — ата-бабаның ақ жолына беріктік. Яғни, адамдық негізі өзіңнен басталсын. Қаламгерлік өнерге “Бақсының істегенін істеме, айтқанын істе” деген қисын жүрмейді. Өзің қандай болсаң, жазуың да сондай болмақ.

***

Құтылдық па, енді көзіміз ашылар деген шақта жеміт-жалмауыз заман басталды. Қол-аяғында кісен, қырық құлаш тас зынданда отырған адамды, барлық бұғауынан құтқарып, елсіз, сусыз, алты айлық медиен шөлге апарып тастаған сияқты. Азатсың. Еркінсің. Қайда барсаң өзің білесің деген сияқты. Зынданның өзінен құр сүлдері шыққан бұл мүскін шөлден кеппей, аштан қатпай, әлдебір су көзіне жетуі үшін қаншама заман керек. Тұрып-жығылып, еңбектеп, сүйретіліп сол бұлаққа жеткен шақта ата жұртының басында шет жерлік пе, өңін айналдырған өз туысы ма, ардан кешкен, иманнан безген тағы бір қарақшы отыруы және кәдік. Төрт тарабың бірдей Қорқыттың көрі. Жалғыз сені, үй-орманыңды емес, бүкіл жұрағатыңды, тұқым-зәузатыңды — еліңмен, жұртыңмен қоса қара құрдымға тартып әкетпек. Тағы да зарланасың — кім тыңдайды! Тарығасың — не шығады? Осындай бір зілзала заманда Алла тағалам Хазіреті Мұхамед салаллаһу ғалайһи уәссәләмға айтыпты:

Алакеуім таңға серт!

Қаракөлеңке кешке серт!

Жаратушың сені жадынан шығарған жоқ,

Һәм жатырқаған жоқ, —

Бүгініңнен ертеңің тәуір болар,

Жасаған жарылқайды, жаның жай табар!

(Кәләм шариф — 93-сүре, 1-5- аяттар).

Тағы да айтыпты:

Ол сені жетім кезіңде тапты — жебеледі

Жолсыз кезіңде тапты — жөнге сілтеді,

Жарлы кезіңде тапты — байлыққа бөледі!..

(Кәләм шариф — 93-сүре, 6-8- аяттар).

Иә! Пайғамбарыма арналған сөз — үмбетіне тиесілі. Жетім кезімде тапты —жебеледі, жолсыз кезімде тапты — жөнге сілтеді, жарлы кезімде тапты — байлыққа бөледі. Құдайға анық!

Және де айтыпты:

Біз сенің көкірегіңді ашпап па едік!

Ауыр жүгіңді алмап па едік,

Арқаңнан зілдей басқан?

Атағыңды асырмап па едік?!

Ол рас — салмақтың алмағы бар,

Рас — салмақтың алмағы бар!

Еңсеңді көтер, еқбектен танба,

Жаратушыға құлдығыңнан жазба!!

(Кәләм шариф — 94-сүре).

Құдайға анық. Жебеледі, жөнге сілтеді, байлыққа бөледі; кекірегіңді ашты, ауыр жүгіңді алды, атағыңды асырды. Ұзақ жолда көлденең кесел, қиындық ұшырасса — тегін иеленген соншама игіліктің аз ғана қарымтасы.

Еңсеңді көтер! Еңбегіңді жалғастыр! Жүрек тоқтағанша, тура жолға сызылған Қалам іркілмеуге тиіс. Жаз! Жаза бер!..

Жаз! Жаза түс! Тәңірі алқап, асқаралы биікке көтерген пендеде реніш болар, нала болуға тиіс емес. Туған жұртыңның мүддесінен тыс тілегің жоқ.

Аруақтың аманатын, тірінің парызын өтеу үшін берілген Өнердің Көктен түскен Киесі сүйген Ұлын барлық қиындықтан аман өткереді, бар мұратқа жеткізеді.

Мен шалдықсам да өттім деп, түгел болмаса да жеттім деп ойлаймын.

Ендігі тілек: Елім аман болсын! Ұрпағымның жаманшылығын көрмей өтейін! Тәңірі тағала ең соңғы сәтіме дейін ала қағаздан айырмасын!

Тағы да қасиетті бітікке бас қоямын:

Қаламга және оның жазуына серт!..

***

Қолтығымда ата-бабамның бұдан бес ғасыр бұрын жасалған мұрасы, қалтамда бес тиын жоқ, “Октябрьдің Бірдеңе жылдығы” жалпасынан түсіп, Райымбек-Ата есіміне көшкен кең даңғылдағы кітап дүкенінен шығып, бір заманда Сталин проспекті аталған, одан соң Коммунистік проспект атанған, қалай атаса да діннен шықпаған Абылай хан даңғылына түсіп, өздерінің әуелгі, тума есімдерін иеленген Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр көшелерін кесіп өтіп, Наурызбай батырға жеттім, бұдан соңғы жерде Қазақ жұртының ғана қауіпсіздігін ойлауға тиіс ҰҚК тұсынан — бұрынғы КГБ-ның сұм үйі – Мағжан азапталған, Ахаң азапталған, тағы қанша Алаш азаматтары қанды запыран жұтқан, тәңірінің өзгеше талғауымен мына — Мен түспей кеткен, ішін емес, сыртын ғана көрген Сұр үйдің қасынан өттім, Дзержинский ескерткішінің томпайған орны да жоқ, асфальттың астына, зулай аққан машиналардың тапауына түсіп кетіпті, оң жақта “Динамо” деген стадион, өзгермеген атаулар әлі де бар, сыртқы атау ғана емес, ішкі пиғыл да көп жерде бұрынғыша, бұрын біздің дертіміз іште еді, енді советшілдердің дерті ішке түсіпті, қайта шықпайтын, не домбығып ісіп, не іріңдей жарылып, иесін ала кететін дерт, ал сыртта бұрынғы ұран да жоқ, “КПСС бірдеңесінші съезінің қорытындылары…” емес, қыртындылары деген сияқты; көк алаңда балалар доп қуып ойнап жүр, стадионнан өттім,  Шевченко көшесі, дұрыс, қазақты толық түсінбесе де, өзінің халқын қалтқысыз сүйген, ғажайып адам болған, “Заповіт”—”Як умру, то поховайте, — Мене на могилі, — Серед степу широкого, – На Вкраіні милій…” деген, — өлгенде мені туған жеріме — кең даланың қақ ортасына көміңдер деген,  бейітім биікте болсын, бәрін көріп жатайын, “Кайдани порвіте” — бұғауды бұзыңдар деген, “Як понесе з Украіни,— У синее море — Кров ворожу…”— Украинаны басып жатқан дұшпанның қара қаны ағып, көк теңізбен қосылса, сонда ғана жаным барақат табады деген, сол арманмен кіріптар заманда көз жұмған, біздің бұғау бұзылды, қазақ жері қан жумай-ақ тазарып келеді, бірақ менің жаным жай табар емес, бар қанағат — өз жерімнен топырақ бұйырар, кіріптар емес, азат елде көз жұмармын деген үміт қана, соған да тәуба, міне, өз үйім тұрған Құрманғазы атамның көшесіне шықтым, былтыр ғана басына барып қайтқам, қаймана жұрт қазақтың жері қырқылады  деседі,  ал  мен  енді  жүз  жылдан  соң Құрекеңнің сүйегі жатқан Бозан бойы, Алтын Орданың астанасы жатқан Сарай, жайқын Еділдің сол қабағы — ежелгі Хазар-Қыпшақ қонысы түгелімен қазаққа көшеді деймін, мүмкін жүз емес, екі жүз жылдан соң, — қайран менің Еділім… Қайран бабаларым! Мен риза, сендерге. Сендер ше? Ризасыңдар. Бәрін орнына келтіре алмаған шығармын,  барымды  аяғам жоқ.   1963-1993  — Ата мұрасымен, “Алдаспанмен” өткен отыз жыл — менің бар ғұмырым. Қасіретім, қиындығым. Қайғы мен зарым. Қуанышым, бақытым. Мерей, мәртебем. Мәңгілікпен тілдескеннен артық қандай мерей, қандай қуаныш болуы мүмкін. Сол мәңгілік рухты халқыңның бүгінгі санасына жалғастырудан артық қандай мәртебе болуы мүмкін. Ал бақыт… Оны-кейінгілер айтсын. Менің өзім білетін ең үлкен бақыт — қара түнек заманда бабаларымның Көк Күмбезінен сая тапқаным,  сол  Күмбезді тұрғызған қасиетті аруақтарға шырақшы болғаным. Мен…  Мені Мен  еткен —  сол Аталарым еді. Алаштың Аруағы. Халқымның мәңгілік рухы. Өткенге сенім. Болашақтан үміт… Басқа сыр жоқ.

Мұхтар Мағауин,

«Мен» ғұмырбаяндық хамса