23 қар, 2018 сағат 10:48

«Нәзір жүрген жол»

«Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қоры, Түркістандағы Тұңғыш елші музейі және «Әдебиет және өнер» қоғамдық бірлестіктің бірлескен мәдени бағдарламасының аясында облыс орталығы Түркістан қаласынан шыққан сапаршылар Өзбекстанға, яғни Ташкентке, Ферғана аймағына, Қоқан қаласына жасаған «Нәзір жүрген жол» атты тарихи, танымдық, ғылыми экспедициясын ұйымдастырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Экскурсияның негізгі мақсаты қазаққа да, өзбекке де бірдей ортақ тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың жастық шағы, азамат болып қалыптасқан кезінде Ташкентте орналасқан Түркістан автономиялық республикасының басшысы болған Нәзірдің сол өлкедегі өмірінен, қызметінен деректер, айғақтар іздеу болатын. Сапар барысында экспедиция құрамы жасаған Ташкент, Қоқан экспедициялық жолында өздерінің алға қойған мақсаттарына қол жеткізді.

Экспедиция құрамында «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик Әбдіжапар Сапарбаев, нәзіртанушы Нұрмахан Назаров, қордың мүшелері Нұрлыбек Балғабеков, Әуесхан Маңғытайұлылар болды. Экспедиция мүшелері Нәзірдің Қоқан қаласында тұрған, оқыған, қызмет жасаған орындарымен, ғимараттарымен танысты. Осы сапарда экспедиция құрамы Қоқандағы Нәзір Төреқұлов көшесінің тұрғындарымен кездесіп, естелікке суретке түсті.

Ташкент қаласындағы Ұлттық қазақ мәдени орталығы мен Низами атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің Абай мәдени орталығында болып, қазақ-өзбек профессор оқытушылар құрамы және студенттерімен мазмұнды кездесу өткізді. Кездесуде «Нәзір Төреқұлов» атындағы Халықаралық қордың президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжапар Сапарбаев қазақ пен өзбекке ортақ тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов жайында тартымды да, мазмұнды баяндама жасады. Осы шаралардың бәрінде Нәзірдің туған інісі Қадырдың немере жиені, Қоқан қаласының тұрғыны Элияр Төреқұлов қарсы алып, алыстан іздеп келген ағайындарға ілтипат танытып, қамқорлық жасады.

Кездесудің қорытынды жиынында Ташкенттегі Ұлттық қазақ мәдени орталығының төрағасы Хамза Хамрақұлов қатысып, ризашылығын білдірді.