08 қаң, 2024 сағат 17:58

Орал дәмханасындағы жарылыс: жалға алушы екі айға қамауға алынды

© Photo: БҚО ТЖД

Оралдың тергеу соты мекемедегі жарылыс ісі бойынша басты күдікті ретінде танылған "Rizyq" дәмханасының жалға алушысы 34 жастағы Меңдібек Уәлиевті қамауға алуға санкция берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты "Мой город" порталына сілтеме жасап.

Мемлекеттік айыптаушы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін Уәлиевтің бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылғанын айтты. Сондай-ақ оған заңнаманы бұза отырып, шетелдік жұмыс күші мен еңбек мигранттарын тартқаны үшін хаттама толтырылды.

Уәлиевтің өзі соттан оны бас бостандығынан айырмауды, үйқамаққа жіберуді сұрады. Оның айтуынша, сараптамалар әлі аяқталмаған, қайғылы оқиғаның нақты себептері әзірге белгісіз.

Күдіктінің адвокаты Тамара Сәрсенова да өрттің шығу себебі әзірге белгісіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, жауап алынған куәгерлер бірінші қабатта табиғи газды пайдаланғанын, екінші қабатта адамдар тұратынын және жалға берілген ғимаратта пеш болғанын айтқан. Пештің қайда қосылғаны әзірге белгісіз.

"Осыған қарамастан, мамандандырылған тергеу сотының судьясы Саян Жүнісбаев Уәлиевті 2024 жылдың 6 наурызына дейін қамауда ұстауға санкция берді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ және ол жарияланған күннен бастап үш күн ішінде шағымдануға болады", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Оралда 4 қаңтарда түнгі сағат 2-де дәмхана ғимаратында газ-ауа қоспасы жарылған. Кейіннен өрт болған. Салдарынан үш адам қаза тауып, алтауы зардап шеккен.