07 жел, 2018 сағат 09:40

Оралдықтар«Нұр Отан» ұйымдастырған сайыста топ жарды

«Нұр Отан» партиясының «Тегін IT-сыныптар» партиялық жобасы аясында өткізілген онлайн олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды. Бейнеконференция байланысы режимінде өткен марапаттау рәсімін партия Хатшысы Тамара Дүйсенова өткізді.

Жеңімпаздардың қатарында оралдық ағайынды оқушылар да бар. Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша Елбасы тапсырмасына сәйкес партия 20 жобаны қолға алған. Соның бірі – еліміз бойынша үш жыл ішінде тегін 1000 IT-сынып ашу жобасы.

Қазірдің өзінде еліміз бойынша 700 ІТ-сынып, ал Батыс Қазақстан облысында 15 IT-сынып ашылды.

– Соның үшеуі – Оралда, қалғандары аудандарда. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап жұмыс істейтін сыныптарда оқушыларды «СТЭМ Академия болашақ инжиниринг» компаниясы ұсынған бағдарламамен робототехника, бағдарламалау, 3D модельдеу бағыттары бойынша, яғни халықаралық стандарттар негізінде оқытады. Партия мен «СТЭМ» компаниясы осы IT-сыныптарда не бары үш ай оқитын балалар арасында онлайн режімде олимпиада өткізген болатын.

3D модельдеу бағыттары бойынша дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп интернаты кешенінің 11 және 8-сынып оқушылары ағайынды Ернар және Данияр Жолдығали 1-орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары, онлайн тегін оқуға сертификаттар және ноутбуктар табыс етілді.

Олимпиадаға барлық өңірден 5 мыңнан астам ұл-қыз қатысқанын ескерсек, бұл – үлкен жетістік. Ал Шыңғырлау ауданындағы Л.Қылышев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушылары Тәңірберген Нұрислам мен Карим Шон, Оралдағы оқушылар және жастар сарайындағы IT-сыныбының тәрбиеленушісі Арсен Алдабергенов олимпиадада жақсы нәтиже көрсетіп, онлайн тегін оқуға сертификат алды.