12 сәу, 2024 сағат 12:28

"Өз қалтасын қампайтуға асыққандар көбейді": Атырауда гуманитарлық көмек қабылдайтын қор жұмысын бастады


Қоғам қайраткері Мира Есниязова елдегі қиын-қыстау сәтті пайдаланып, жеке шоттарына ақша жинап, қалтасын қомпайтып алғысы келетіндер де жоқ емес екенін айтты. Сондықтан гуманитарлық және қаржылай көмектескісі келетін адамдардан өз қаражатын Атырау бойынша жалпыға ортақ ашылған қорға салуды сұрады.

"Шыны керек, қазіргі қиын жағдайда әр өңірден көмектескісі келіп хабарласқан достарым, таныстарым көп. Шымкенттік досым Талғат 4000 қапшық, Астанадан бір досым 10000 қапшық салып жіберді. Номерімді бірінен-бірі алып Шымкенттен, Астанадан бір апайлар ақша аударайық деп хабарласты. Олардың барлығына да Атырау бойынша жалпыға ортақ ашылған қордың реквизиттерін жібердім. Елге қандай қиындық төнсе, көп адамдар сбор ашып жеке счеттарына ақша жинайды. Олардың арасында шынайы жанашырлық көрсетіп жүргендер де бар, осы қиын-қыстау сәтті пайдаланып кетіп жүргендер де бар", - деп жазды Мира Есниязова. 


Айтуынша, қаражат жинап жатқан блогерлер аймақтарда қаражат жинауға ашылған заңды қордың реквизиттерін көрсетсе, құба-құп, есебін беруге жеңіл болады. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмектесіп жатқан халықтың ақшасы далаға кетпесін деген тілек, дейді ол.