07 жел, 2023 сағат 12:48

Павлодар облысында жалға алу құны 50 млн теңге болатын жер 60 мыңға берілген

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында жайылымдық жерлер жекенің қолына заңсыз өтіп кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Павлодар облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы шамамен 70% жер бар, оның басым бөлігі жеке меншікте және жер пайдалануда.

"Тексеріс барысында елді мекендер шегінде жайылымдық жерлер мен егістіктер үшін жер учаскелерін беріп, міндетті конкурстық рәсімдерді елемей, пайдаланғаны үшін төлемді азайтып, лауазымды тұлғалардың құзыретіне кірмейтін шешімдер қабылдаған елеулі заңбұзушылықтар анықталды" - делінген хабарламада.

Атап айтқанда, бір учаске бойынша жалға алудың жылдық құны 50 млн. теңгенің орнына 60 мың теңге деп белгіленген. 

Халықтың қажеттіліктері үшін жайылымдық жерлер тапшылығы бола тұра, олар «бір қолға» берілген. 

"Мысалы, Ертіс ауданында 47 мың гектар тапшылық болса да, жер жеке тұлғаларға заңсыз берілген. 

Осындай фактілердің бірі бойынша аталған ауданда сот тәртібімен ауданы 3 мың гектардан асатын жайылымдарды қайтару қамтамасыз етілді. 

Облыс прокуратурасы Жер қатынастары саласында лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. 

Тексерулер жалғасып жатыр" - делінген хабарламада.