20 қар, 2023 сағат 16:48

Павлодарда төтенше жағдай жарияланады

Фото: instagram.com/pavlodar_tjd

Павлодар мен қала маңындағы ауылдарда жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ режимі жарияланады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Павлодар әкімі Хасар Хабылбеков қол қойған шешім жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

"Павлодар, Павлодар қаласы Ленин кентінің, Павлодар қаласы Жетекші, Мойылды, Павлодар ауылдарының және Павлодар қаласы Кенжекөл ауылдық округінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын", - делінген жазбада.

Павлодар әкімдігі өткен демалыс күндері облыста болған дауылдың салдарын жою үшін жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ жарияланатынын растады.

Жобаның қоғамдық талқылауы 21 қарашада аяқталатыны хабарланды. Павлодарлық коммуналдық қызметтер дауыл салдарын жоюды жалғастырып жатыр.

Облыс ТЖД мәліметінше, қазір өңірде 33 ауыл электр қуатынсыз қалып отыр. Залал көлемі әлі де есептеліп жатыр.