04 қаз, 2022 сағат 17:43

Ресей федерация кеңесі Украина аймақтарын аннексиялау туралы келісімді бекітті


4 қазанда Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация кеңесі "ЛХР, ДХР, Запорожье және Херсон облыстарының Ресей құрамына қосылатыны туралы" келісімді бекітті. Украина жерін анннексиялауды Федерация кеңесі толық қолдаған, деп хабарлайды Азаттық.

Аннексиялау туралы келісімді кеше Ресей мемлекеттік думасы мақұлдаған. Енді оған Ресей президенті Владимир Путин қол қоюға тиіс. Сол сәттен бастап Ресей аталған облыстарды өз жері деп санайтын болады. Аннексияланған облыстар үшін 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралықта "өтпелі кезең" жарияланады. 2023 жылдың 10 қыркүйегінде жергілікті заң шығару органдарына сайлау өтеді.

Келісім бойынша, Донецк пен Луганск облыстары Ресей құрамына "Донецк" және "Луганск" халық республикалары деген атаумен, 2014 жылғы шекарасымен қосылады. Херсон және Запорожье облыстарының шекаралары құжатта көрсетілмеген. Николаев облысының аннексияланған бөлігі Херсон облысына қосылған.

Келісім бойынша, Ресей паспортын алғысы келмейтінін бір ай ішінде мәлімдемесе, аннексияланған аймақтағы украиндар Ресей азаматы болып саналады.

Киев пен Батыс елдері Ресей аннексиясын ешбір жағдайда мойындамайтынын мәлімдеген. Украина өз жерін азат етуді жалғастырып жатыр.

Ресей аталған өңірлерді аннексиялау мақсатында "референдум" өткізген. Мұндай референдумды Ресейден басқа ешбір ел мойындамаған.