20 қар, 2018 сағат 09:25

Сайрам ауданында ұлттық ойындарды үйрететін жаттығу орталығы ашылды

Сайрам ауданының Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбай ауылында қазақтың ұлттық ойындарын үйрететін жаттығу орталығы ашылды. Аудандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған №3 спорт мектебінің қосымша орталығында бүгінгі таңда үш жаттықтырушы еңбек етуде. Олар жас шабандоздарға аударыспақ, көкпар тарту және теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлерін үйретуде.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бауыржан Асқаров жергілікті жастардың қазақтың төл өнеріне деген қызығушылығы жоғары екенін айтады. Әсіресе, балалардың көкпар тартуға деген ынтасы зор. Ашылғанына көп бола қоймаған орталықта қазір 12 мен 18 жас аралығындағы 60 шабандоз алдағы уақытта өтетін бәсекелерге қатысуға дайындалуда. Бауыржан Асқаров келешекте ауданда ұлттық спорт түрлеріне бағытталған арнайы мектеп ашу да жоспарланып отырғанын жеткізді.

Бүгінде бөлімшеде 15 арғымақ бар. Келер жылы олардың қатарын жиырмаға жеткізу көзделіп отыр. Айта кетейік, мұнда ауданның кез келген тұрғыны келіп, атпен серуен құра алады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында дене шынықтыру-сауықтыру орындарын көбейту керектігін әкімдерге қатаң тапсырған болатын. Сонымен қатар, олардың қолжетімді болуына да көңіл бөлуді айтқан-ды. Сайрамдықтар Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындауға кірісіп кетті. Мәселен, шабандоздарды дайындайтын орталықта балалар тегін жаттығуда.

Аудан жастары футболдан да жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Оған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен кәсіпкерлер арасында түзілген меморандумның тигізіп жатқан шарапаты мол деуге болады. Қалталы азаматтар өздерінің иелігіндегі спорт кешендерінде күндізгі уақытта ауыл балаларының тегін жаттығуына жағдай жасай бастады. Солардың бірі – «Арман арена» спорт кешені.

Биыл қыркүйек айында іске қосылған кешенде бір лекте 60 адам спортпен айналыса алады. Жеке кәсіпкер Нұрғали Тәжібаев нысанның құрылыс жұмыстарына 35 млн. теңге жұмсапты. Жалпы, ауданда бүгінде дәл осындай 16 футбол алаңы бар. Жыл соңына дейін олардың қатарына тағы екеуі қосылмақ.