04 жел, 2023 сағат 19:36

Шымкент көшелеріне қыс түскенде гүл егіліп жатыр


Қыс басталғанда гүл егіп жүрген шымкенттіктер көпшілікті таң қалдырды, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Әлеуметтік желіде көшедегі гүлзарға гүл егіп жүрген жұмысшылардың видеосы тарады. Видео авторының айтуынша оқиға Шымкент қаласында түсірілген.

«Бұл - Шымкент. 1-ші желтоқсан күні гүл егіп жатыр. Қастарында гүл толы үлкен көлік тұр. Бұларда көктем келгені жайында арнайы хабар бар немесе қалаға құрметті қонақ келе жатыр. Соған қаланы сәндеуде», - дейді автор.

Ал, «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС мамандары қазіргі уақытта қала гүлзарларына «Виола» сортты гүл егіліп жатқанын мәлімдеді.

«Виола» гүлі төмен температураға шыдамды келеді. Сондай-ақ, ол көпжылдық өсімдік, аязға да төзімділігі жоғары. Ауа райының қолайсыздығына байланысты сәндік көркін жоғалтпайды», - делінген «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС ұсынған ақпаратта.

Ал, желідегі видеоға пікір жазушылар екіге бөлінген. Бірі таңғалса, енді бірі қыста гүл еккен шымкенттіктерді сынап жатыр.