31 қаң, 2024 сағат 12:46

Шымкент полицейлері суға батып бара жатқан әйелді құтқарды

Фото: Polisia.kz

Шымкент полицейлері суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға кеше түстен кейінгі уақытта болды. Көпірден өзенге секірген әйелді кездейсоқ куәгер байқап қалып, полицияға жүгінген.

"Оқиға орнына патрульдік автоэкипаж жетті. Инспектор Нұрислам Құдайберген бір секундқа да баяуламай, батып бара жатқан әйелді құтқару үшін суға түсті" - делінген хабарламада.

Полицей оны киімінен ұстап, әріптестерінің көмегімен жағаға шығарған.

"Бізде ойлануға уақыт болған жоқ. Азаматшаны көріп, бірден оны алып шығуға асықтым, тіпті, судың қаншалықты салқын екенін сезбеппін. Әлбетте, әйелді жағаға шығару әріптестерімнің көмегінсіз мүмкін болмас еді. Өзімді соңғы орынға қойдым. Бұл - батырлық емес, бұл - менің міндетім. Өйткені адам өмірі тәуекелге тұрарлық, – дейді Нұрислам.

Қуанышқа орай әйел зардап шекпеген. Полиция қызметкерлері оны дәрігерлерге тапсырған. Мұндай қадамға ол мас күйінде барғаны белгілі болды.