11 жел, 2023 сағат 12:27

Шымкентте кассадан 12 миллион теңге жымқырған ер адам сотталды

Фото: Polisia.kz

Шымкентте жанар-жағармай бекетінің кассасынан 12 млн теңге жымқырған ер адам сотталды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Медиа-портал мәліметінше, полицияға жанар-жағармай бекетінің кассасынан аса ірі мөлшерде ақша жымқырылғаны туралы арыз түскен. Кәсіпкердің айтуынша, кассир жігіт тәуліктік кезекшілікке түскенде төлем қабылдайтын банк құрылғысының болмауына байланысты тұтынушыларға өзінің жеке есепшотын айтып, ақшаны сонда аудартып отырған. Осылайша, ол жанар-жағармай сатудан түскен қаражатты кассаға толық өткізбей, жәбірленушіге 12 350 000 теңге шығын келтірген.

"Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді.

Белгілі болғандай, 35 жастағы жергілікті тұрғын жымқырған ақшаны жеке қажетіне жаратып жіберген.

Тергеушілер барлық айғақты жинап, қылмыстық іс материалдарын сотқа жолдады. Нәтижесінде, сот ер адамды кінәлі деп танып, оны 5 жылға материалдық жауаптылықпен байланысты қызметтерді атқару құқығынан және 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады" - делінген хабарламада.