22 қаң, 2024 сағат 14:37

Скриптонит туған ауылдың атауы өзгерді

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Павлодар қаласының іргесіндегі Ленинский кенті Атамекен болып аталды. Кентте бүгінде 10 мыңнан аса адам тұрады, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Атамекен — Павлодар қаласының әкімшілік аумағына енетін үлкен кент. Жергілікті жұрттың тең жартысы — өзіміздің қандастарымыз.

Жалпы, елді мекен көпұлтты болғандықтан ба, оның атауын өзгерту мәселесі көпке дейін жергілікті қауым тарапынан қарсылыққа ұшырай берді. Ауыл ақсақалдары мен бас көтерер азаматтары бірнеше мәрте Қазанғап бидің атын бергісі келіп, ұсыныс жасағанымен халқымыздың өткен тарихын онша-мұнша білмейтін жергілікті жұрт бұл бастамадан үзілді-кесілді бас тартты.

Ал Ленинский атауын картадан сызып тастауға талпынған қоғам белсенділері биыл жазда кентке 6 түрлі нұсқа ұсынды. Олар — Қазанғап, Бидайық, Атамекен, Ынтымақ, Қазына және Жетінші ауыл. Қорытынды жиында Қазанғап би мен Атамекен атаулары қалып, жергілікті қауымдастықтың 50 мүшесінің 49-ы Атамекенге дауыс берді.

"Павлодар облысы әкімдігінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 4 бірлескен қаулысы мен Павлодар облыстық мәслихатының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы № 105/8 шешімімен Ленин кенті Атамекен болып қайта аталды", — деп хабарлады кент әкімдігінен.

Ертеректе бұл жерде Бидайық деген ауыл болған. Ертіс өзенінде көпір жоқ ескі заманда өзеннен арлы-берлі өткізетін паромды күтетін жолаушылар осы жерде түнеп отырған.

Ал кент ретінде негізі 1914 жылы қаланып, № 7 ауыл құрылады. 1965 жылы пролетариат көсемінің есімі берілді. Кеңес заманынан Павлодар қаласына қарайтын кентке тәуелсіздік жылдары ауылдардан көп отбасылар көшіп келді.

Атамекен облыс орталығы үшін географиялық тұрғыдан аса маңызға ие.

Айтып өтейік, Атамекен кентінде шоу-бизнесте Скриптонит атымен танымал болған белгілі музыкант Әділ Жәлелов дүниеге келген.

Ал Атамекеннен әрірек 20 шақырым жердегі Ақсу қаласы — тағы бір дарынды музыкант, Грэмми сыйлығының иегері Иманбек Зейкеновтің туған мекені.