26 шіл, 2016 сағат 14:01

Светқали жырларының сәулесі

Светқали Нұржан ұлттық рух пен қазақы дәстүрге бай, батырлық аңыздар мен жыраулық өнердің сарқыты сақталған Маңғыстау өлкесінде дүниеге келген. Бала күнінен-ақ сол аймақтағы ұлы жыраулардың көзін көрген, сол өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуші, көнекөз жыраулар мен ақындардың сөзін естіп, жадына тоқып өскен. Олар жырлаған жыр-дастандар мен ауыз әдебиетінің үлгілері Светқалидың қиялын ұштап қана қоймай, оның ақындық өнерге келуіне ықпал етті десек қателеспейміз. Оның алғашқы балауса өлеңдерінің өзінен-ақ туған жер, ата мекен, дала табиғатының айшықты суреттерін сөзбен салуға деген ұмтылысын байқауға болады. Оның «Төбелер» деген өлеңі сол балалық қиялдан туған алғашқы жырларының бірі деуімізге толық негіз бар.

Қырда мен төбелерден сыр ауладым,

Келеді жиһанкезден бір аумағым.

Ер Досан қарсы алдымнан шыға ма деп,

Алаулап, алабұртып тұр-ау жаным.

 

Шаршадым әр қыратқа мұңданам деп,

Жүректі ауыр ойлар шыңдаған көп.

Таңданам кешегі күн бұл төбелер,

Ақтанның жырларын да тыңдаған деп.

Бала ақынның қай төбені жырға қосып отырғанын әрине бізге белгісіз, бірақ қиялмен сол кездің өзінде-ақ кеңестік тарихта көп айтыла бермейтін Маңғыстау өлкесіне аттары мәлім Досан батыр мен Ақтан ақынның атын атап, кішкентай ғана төбемен байланыстыра алған. Мұнан Светқалидың бала күнінен өз аймағындағы белгілі адамдардың өмірі туралы жақсы хабардар болғанын пайымдауға болады.

Светқалидың алғашқы жырларына қарап оның да барлық ақынға тән еліктеу кезеңін басынан өткергенін, өлеңнің мазмұнынан гөрі ұйқасына көбірек мән беретінін байқаймыз.

Көктем келіп, қызыққа дала батты,

Дүние біткен думан боп бара жатты.

Жақсылықтың нышаны осы ғой деп,

Езуімнен күлкім де тарамапты.

 

Қып-қызыл бәйшешектер қырда гүлдеп,

Шақырады өзіне: «Жырла жүр» – деп.

Гүлді көріп, менде де көктем туды,

Кеудем көктемгі аспандай шулады кеп, – деген өлең жолдарынан жас ақынның айналадағы табиғатқа деген өз сезімін өлеңмен көркем кестелеп жеткізуге тырысқан талпынысын танимыз. Бірақ ақынның толысқан, қалыптасқан кезіндегі жыр жолдарымен таныс оқырманның бұл шумақтардың Светқалидың кейінгі жылдары жазылған өлеңдерінен көркемдік жағынан болсын, шымыр ұйқас пен ерекше форма жағынан болсын әлдеқайда төмен екендігін байқамауы мүмкін емес. Яғни бұл салыстырулар ақынның ылғи да даму үстінде, өсу үстінде болғанынан хабар береді.

Светқали поэзиясының қамтыған тақырыптары әр алуан. Бір кездері өзі жазған:

Бәріне еркін барып, еркін келем,

Жанымнан іңкәрліктің дертін көрем.

Мен жазар жырды теңдеп жетті бір күн,

Бура-бұлт шудалары желкілдеген.

 

Жамырап жұлдыз біткен жауды маған,

Шашу ғып қайта шашты тауды далам…

Ғажайып өлең сөйлеп кетті бір күн

Қалқаның жанарынан жаудыраған, – деген өлең шумақтарындағы ақының ақтарыла айтқан сыры шындықпен үйлеседі. С.Нұржановтың алғашқы жинағын парақтай отырып оның көбіне табиғаттың тылсым сырына ылғи да қызығушылықпен қарап, ондағы кейбір оқыс өзгерістерден оймақтай ой түюге төселіп келе жатқанын аңғарамыз. Тақырыпты ақын алыстан іздемейді, өзін толғантқан, ой салған, сезіміне әсер еткен көріністер мен қарапайым ғана өзгерістерді өзі айтқандай «бура-бұлт», «жамыраған жұлдыз», «тау» мен «дала», «қалқаның жанары» сияқты құбылыстарды поэтикалық жанрда шебер бейнелейді. Соңғы кездері Светқали жырларында махаббат лирикасы азайып кетті, оның поэзиясында бұрын махаббат лирикасы болған ба еді деген пікірлер айтылып жүр. Неге болмасын, болған. Ол да жас болған, оның да өз сезімін қызға өлеңмен жеткізген кезін замандастары жақсы біледі.

Қарықтырғанда көзімді ақ тамақ қарша,

Сезім шіркінді төзімім шаққа басқарса,

Телміре қарап содан соң бір-бірімізге,

Тұра берсек-ау тапжылмай ақ таң атқанша!.. – деген өлең жолдары бұл ойымызға дәлел бола алады ғой деп ойлаймын. Сексенінші жылдардың басында жазған өлеңдерінде ақын өзінің сүйіспеншілік сезімін барынша ашық та айқын және көркем тілмен бейнелегенінің куәсі боламыз. Махаббатқа мас, өз сезімінің жетегіндегі жастың бейнесі көз алдымызға келеді. Сол алғашқы шығармаларының өзінен-ақ лирикалық қаһарманның бейнесін көз алдымызға елестете аламыз. Яки ол образ кімді де болса бей-жай қалдырмайды, ой салады. Талантты сыншы З.Серіққалиевтің «…поэзияда кез-келген терең, сүбелі, салмақты ой образға айнала бермеуі мүмкін (ол шеберлік мәселесіне қатысты), ал әр бір мүсінделген образ-сөз жоқ, ой..» дегенде айтқысы келгені де осы болса керек.

 Қыз едің керім

Сен деген –

Тағдырың жалқы сый берген.

Жердегі барлық пендеге,

Биіктен қарап үйренген.

 

Жаутаңдап тұнық жанарым,

Көз салғам саған,

Құдірет! –

Биіктен маған қарадың

Жердегілердің бірі деп.

 

Өшірем енді сезімді

Кигізген маған от көйлек…

Армандап едім өзіңді,

Арманан биік жоқ қой деп!…

 Көріп отырғанымыздай жырда жас адамның сезім шырғалаңы әсем де әсерлі суреттеледі. Лирикалық қаһарманның жан дүниесіндегі ұнату, армандау, бір жағынан жігіттік намыс пен өз тәкаппарлығының шырмауынан шыға алмаған жастың іштейгі қайшылығы реалистікпен көрініс тапқан. Лап ете түскен жас адамға тән сүйіспеншілік сезімді ақын шынайы болмысымен көз алдымызға алып келеді. Бірақ екінші тараптан өз сезіміне лайық жауап ала алмағандықтан жігіт те тез айниды. Өзін ешкімнен де кем тұтқысы келмейді. Сондықтан да «Өшірем енді сезімді» деп өз сезімін ақылға бағындырады. Сонымен қатар осынау өлеңде бұрынғы ақындарда көп кездесе бермейтін образды суреттеулер де кездеседі. Ғашықтық сезімді «от көйлек кигізу» арқылы бейнелеуі расында да Светқалидың тапқырлығы дер едік.

Бірақ адам сезімі секілді ойы да бір қалыпта тұра бермесі белгілі. Оның да толысып, кейбір балаң түсініктерден арылып, өмірлік тәжірибе мен пайымдаулардың өзгеріп отыруы заңдылық.

Шығармашылық тұлғаның өсуі, жетілуі ол оның жеке басының ізденімпаздығына тікелей байланысты. Өнерде бір жетістікке қол жеткізу – ол әрдайым өзіңді өзің қайрау, жаңа жол табу, өзіңе ғана тән стиль қалыптастыруға апаратыны белгілі. Әрине бұл жолда ақынның талай белестерді бағындырып, көптеген шығармашылық тұлғалардың шығармаларымен танысқаны айқын аңғарылады. Светқали шығармашылығы Махамбет, Абай дәстүрін бойына қалыптастыруымен, жергілікті Маңғыстау өңірі ақын-жырауларының сөз қолданыстарын бала күнінен бойына сіңіруімен, кейінгі кеңестік дәуір ақындары Сәкен мен Ілиястан бастап Мұқағали мен Төлегенге дейінгі ақындық поэзияны барынша терең меңгеруімен ерекшеленеді. Осыған қарап Светқалидың шығармашылық өнерінде Батыс Қазақстандық көне ақын-жырауларға тән үрдістің жаңа дәуір әдебиетімен араласқан синтетикалық сипатын аңғаруға болады. Оның өлеңдерінен кейде Махамбетке тән кең тыныс пен Абайдан дарыған салқынқандылық, парсаттылық, кейде Мұқағали жырларына ұқсайтын нәзік лирикалық сипат пен көне жыраулар поэзиясында кездесетін қызу динамика мен мағынасы бір оқығанан түсіне қою қиын көне сөздердің жүруі соны аңғартса керек. Бірақ Светқали дәл мына ақынды қайталайды немесе мына ақынға ұқсайды деп ешкімнің де кесіп айта алмасы анық. Өйткені стиль ол -өнердегі ерекшелік. Ақын айнала қоршаған ортадан өзі таныған ақиқат шындықты өзінің әуенімен, өзіне ғана тән сөз қолданыспен жеткізеді. Сондықтан да ол сонау ақындық өнердің есігінен енді сығалаған бозбала күнінің өзінде:

 Дана Абайдан нұр алып,

От – Қасымнан,

Тұрсам деп ем ай құсап көкке асылған…

Есігінен өлеңнің енсем деп ем,

Шаңырағы шатынап, топса сынған!.. – деп жазған болатын.

Шығармашылық жол да адам өмірі сияқты. Оның да үйрену, даму, қалыптасу кезеңі бар. Светқалидың шығармашылық жолына көз сала отырып, оның да бір ғана бағытта емес ақиқат шындықты іздеу барысында әр алуан белестерден өткенін байқауға болады. Бозбала кезіндегі өлеңдерінен ақынның қиялының ұшқырлығымен қоса оны айнала қоршаған ортаға деген аңғал сезімін байқайтын болсақ, өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін татқан сақа жігіттік жастағы ақын жырларынан сол таным-түсініктерінің өзгергенін, өмірдегі кейбір мәселелерге ойлы көзбен қарай бастағанын танығандай боламыз.

0xAvXCf1rmA

Нағыз талант иесі өлең түріне бай да соны мазмұн әкеле отырып, өлеңнің ырғағы мен құрылымын, кейде тіпті жалпы стильдік сипатын өзгертіп жібереді. Бұл жолда ол өзіндік «реформалар» мен «төңкерістер» жасай отырып, жаңа мазмұнға тән идеялық, көңіл-күйлік, психологиялық жаңалықтар ашып, өзіндік мәнерін, өзіне ғана тән дәстүрін қалыптастырады. С.Нұржанов қазір өлең жазудың барлық қыры мен сырын терең меңгерген, ақындық өнерді өмірінің мұраты тұтқан, сол жолда барынша ізденіп, өзіндік жолын тапқан талант иесі.

Светқали поэтикасының басты ерекшелігінің бірі – оның шығармашылығындағы философиялық ой мен сырдың қатар жүруі. Ақын өзі көрген, өзі таныған өмір құбылыстарына әрдайым өзінше баға беріп, оның мәні мен мазмұнынан сыр түюге тырысады. Мына өмір бізге не үшін берілді, осынау кеңістіктегі адамның міндеті мен мұраты не деген мәңгілік сауалдарға жауап іздейді. Адамның рухани болмысының терең қатпарларын ашып, оған ғасырлар бойы сақталып келе жатқан қазақы ұғым, ұлттық таным тұрғысынан баға береді. Мысалы, «Біз» деген өлеңінде:

 Ой ашытқы, сөз – шарап,

 Ішіп едім не біліп?

 «Боқ дүние, Боз шолақ» –

 Дүмі қалды көрініп, – дейді.

 Ақынның ойын оймақтай ғып жинақтап жеткізуге шебер екені байқалады. Мақал-мәтелдерге тән қысқалық пен нұсқалық Светқали өлеңдеріне де тән.

 Бізге берген енші өзге –

 Келте пішкен шапандай,

 «Атасы арзан жел сөзге»

 Кетіп барам ақы алмай.

 

 Таба алмадым ояу жан,

 Басырлықтан – бар өлім.

 Жұрдай болды бояудан,

 Менің ғажап әлемім.

Ақынның көркемдік танымы өзінің тылсым да жұмбақтығымен ерекшеленеді. Ол талант иесінің шығармашылық болмысын, оның қиялындағы көркемдік әлемнің сыры мен сипатын осынау екі шумақта шебер суреттеп бере алған. Бір қарағанда Абайша толғап кеткен сықылды. Өлеңнің ырғағы мен өлшемдері де соны дәлелдей түсетіндей. Бірақ ақынның айтқысы келген ойы басқа, жырлап отырған заманы басқа.

Светқали поэзиясындағы жекелеген сөздер ғана емес, кейде тұтас тіркестер мен күллі шумақ образдылық сипатқа ие болып келетін кездері жиі кездеседі. Ақынның «Ай қазасы» деген өлеңі осындай тұтас поэтикалық ойға құрылған көркемдігі жоғары шығарма.

Қаза болды ай бүгін көз алдымда,

Гүл шомылды ақырғы тозаң-нұрға.

Айдың әр тал сәулесін шыққа жерлеп,

Аят оқып мен қалдым бозаң қырда.

 

Сәулелі шық- көзіне әлем түнеп,

Жәудірейді күткендей менен тірек.

Айды азалап отырып, бозаң қырда:

«Есіркей гөр, ескі айым», – деп ем тілеп. .

Айдың туып, толып, келесі кезеңге өтуі табиғи құбылыс. Бірақ соны ақын өзінше пайымдаған. «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп жататын қазақы ұғымды өзінше түрлендіріп, айды ақындық қиял арқылы аллегорияға айналдырып, оны тіпті адам ретінде аза тұтып, жерлеп те жатқандай.

Оның шығармаларында қазаққа белгілі, әр дәуірде өмір сүрген жекелеген адамдардың мінез-құлықтары, олардың өмірлік мұраттары, көзқарастары жан-жақты қарастырылады. Оның лирикалық қаһармандары жыраулар мен діни тұлғалар, ақындар мен батырлар. Светқали өз өлеңдерінде олардың атқарған ұлы істері мен ерліктерін, мінездеріндегі ерекше қасиеттерді талдай отырып, тарихи тұлғалар мен кейінгі ұрпақтың арасындағы байланысқа назар аударады, сол арқылы жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың сырын ашып, түсіндіруге тырысады. Ол автор ретінде бейтарап қала отырып, өткен оқиғалар мен құбылыстардың сырына тереңдей үңіледі, оған өзінше баға береді. Оның кейіпкерлері Сырым, Қашаған, Махамбет, Абай, Қасым, Бауыржан, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Иранғайып т.б. Ақын бұрынғы өткендерімен қиялы арқылы сырласса, бүгінгі көз көргендерімен арадағы адами қасиеттерін, тек бір ғана мінез ерекшелігін сөз ете отырып, өзгеше философиялық ой түйюге, олардың да адами болмысын мінездерінің, әрекеттерінің тек бір қыры арқылы танытуға ұмтылады. Мысалы, қазақтың елдігін сақтап, теңдігін сұраған Сырым батыр жайлы ақын былайша толғанады:

Сырым бабам-ай, Аршыландарға

 есе бермей кеткен қабылан,

Сені көргенде қайырсыз хандар

 түңілген табыт – тағынан.

Наркескенің қапты ілулі көкте,

Жарқылдап жүзі жарты ай боп

Шарық-Аспанға жаныған.

Жыр мазмұнының көнеден келе жатқан жыраулар поэзиясымен үндес екенін аңғарамыз. Дәл осы ырғақ, осы ұйқас Сырымның батырлық, ақындық болмысымен үйлесіп тұр. Ханды тағынан түңілткен, арыстанның өзіне есе бермей кеткен қабыланның әсем де асқақ бейнесі расында да кімнің де болса есінде сақталып қалары сөзсіз. Күржіман шайыр қолданған көне «аршылан» сөзін де ақын өз өлеңінде өте ұтымды пайдаланған. Светқали жырларында өткен замандарда қолданылып, кейінгі кездері өздерінің алғашқы мәні мен мазмұнынан айырыла бастаған сөздер жиі көрініс беріп қалып жатады. Көнерген архайзмдер мен историзмдер оның өлеңдерінде қайта тіріліп, қазақ сөзінің қасиетін одан әрі тереңдетіп, сөздік қорын молайтып жүргенін біз оның тарихшылдығынан, шежірешілдігінен деп білеміз.

Ақын қазақ өлеңінің табиғатын, оның ырғақтық, интонациялық болмысын жақсы таниды. Сондықтан да оның өлеңдерінің мазмұны әрдайым өзі таңдаған тақырыппен, оның сюжеттік, идеялық сипатымен астасып жатады. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым З.Ахметовтің «Қазақ өлең жүйесінің өзінше бітімі болуы, тармақтың да буын санымен белгіленуі – мұның бәрі тілдің құрылысына, алдымен дыбыстық яғни фонетикалық құрылысына орай қалыптасқаны, тілдің табиғатынан туатыны талассыз», – деген пікірі осынау ақиқат шындықты танығаннан соң айтылған тұжырым екеніне күмән келтіре алмаймыз.

Шығармашылық – ақын үшін тек өмір сүрудің ерекше бір түрі (формасы) ғана емес, өмір туралы өз формуласын жасаудың бір жолы, мәңгілік жауабы табылмайтын сұрақтарға жауап табуға тырысудың алғышарты сияқты. Ақын осы жолда қалыптасқан ғылыми тұжырымдар мен логикалық формулаларды өзінше толғап, кейде оларға қарсы шыға отырып, бәрін таза өз қабылдауы арқылы беруге, лирикалық «мен» жүйесіндегі поэтикалық сипатта түсінуге күш салады. Бұл оның көне абыздар сықылды пәлсапалық ерекшелігі ғана емес, ақынның көркемдік әлемінің көкжиегінің кеңдігін аңғартады. Мынау «Жұмақ түннің жұпары» деген өлеңдегі әсем ұйқас пен әдемі суретті, әуезді ырғақты кез келген оқырманның барлық жан-тәнімен сүйсіне қабылдары сөзсіз:

Лүпілін жүрегімнің бұлаққа ілдім,

Деміне құлақ түрдім қырат-қырдың.

Ай – құлып,

Жұлдыз кілтпен бұрап тұрмын,

Қақпасын ашпақ болып жұмақ түннің.

 Адам мінезі мен табиғат құбылыстары арасындағы ақынның өзі ғана танитын нәзік байланыстардың сыры расында да кімді де болса елең еткізбей қоймайды.

С.Нұржан ұйқасқа барынша мән беретін ақын. Оның өлеңдерінің әуезді де ырғақты келуі, тармақ соңындағы ұйқастардың барынша үндесіп, тілге жеңіл оратылып отыратыны да сондықтан. Академик З.Қабдолов «Ұйқас – өлеңнің сыртқы түріне ғана емес, ішкі сырына тікелей қатысты нәрсе. Өлеңнің сыртқы сұлулығы үшін емес, ішкі жылуы, қызуы үшін де ауадай қажет нәрсе», – деп бекер айтпаса керек. Поэзияның басты мұратының өзі әсемдік екенін ескерер болсақ, Светқалидың өлеңдері сол сұлулықтың барлық өлшемдеріне жауап бере алатын, шығармашылық терең ойдан туған мазмұнды туындылар.

Ақындық өнерін сексенінші жылдары бастаған ақындардың жырларындағы негізгі сюжет – ол тоталитарлық дәуірдің қирауы. Сол қираған дәуірдің образын сомдау арқылы олар замана шындығының жаңаша поэтикалық бейнесін жасап шықты. Ал сол тұста көзқарастары қалыптасқан ақындар бұл дәуір шындығын жас ұрпаққа қарағанда байыппен, байсалдылықпен жырға қосты. Олардың поэзиясында бұрынан ұстанып келе жатқан өз жолдарын сақтап қалу, өзіндік «менді» жоғалтып алмауға тырысушылық байқалады. Ал сексенінші жылдардағы ақындар қоғамдық сананың сан салаға бөлініп, бөлшектеніп кетуінен сескенген жоқ. Олар кез-келген құбылысқа барынша мән беріп, дер кезінде үн қатуымен ерекшеленеді. Олардың шығармашылық өнерінде инфантилизм мен посмодернистіктің көрінісі де жоқ болатын, сонымен қатар олардың поэзиясында ұлт болашағы үшін, халықтың тілі мен ділі үшін уайым-қайғы жеген лирикалық «меннің» өзгеше бейнесі қалыптасып келе жатты.

487546_1193233919_____________________

Әдебиетке сексенінші жылдары келген ұрпақ туралы осы кезге шейін олардың шығармашылық қырларын, бағыт-бағдарларын толық танытатын көлемді еңбек жазыла қойған жоқ. Кез келген толқынның әдебиетке араласуына және оларды басқалардан ерекшелеп тұратын қоғамдағы үлкен мәдени-әлеуметтік қозғалыстардың әсері екенін де айта кетуіміз керек. Сексенінші, тоқсаныншы жылдардағы толқынға кеңестік саясаттағы қайта құрудың әсері, әлеуметтік-психологиялық климаттың бірден өзгеруі қатты ықпал етті және сол өзгермелі әлемге тез бейімделу жолындағы олардың табыстары мен қателіктері олардың шығармашылық ерекшелігін айқындайды.

Қорыта айтқанда, Светқали Нұржан қазір нағыз толысқан шағындағы ақын. Оның лирикасында көңіл-күйді толқытатын ойнақылық та, жыраулық дәстүрге тән озандық та, абыздарша толғап кететін ойлылық та бар. Ол мынау айнала қоршаған ортадағы әр оқиғаға, әр құбылысқа бей-жай қарай алмайтын жаны нәзік, ойы кемел, сөзі сұлу шайыр.

Жолдасбек МӘМБЕТОВ,

«Жұлдыз» журналы