Фото: Ult.kz
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында отандық музыка еліміздің мәдени келбетіне қалай әсер етіп, қалай қалыптастырғаны зерттелген «91–23. Тәуелсіз Қазақстанның танымал музыкасы туралы» кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Ult.kz.
Кітап бірнеше автордың зерттеуінен тұрады. Олардың қатарында Мәди Мамбетов, Роман Райфельд, Виолетта Телманова, Руслан Якупов, Тамерлан Сатыбалдиев, Злата Удовиченко, Артем Крылов, Аруна Әлімтаева, Ләззат Сүлейменова, Гүлдана Мұқан және Мадина Сапарғалиева бар.
Жоба менеджері Гүлнар Наурызбайдың айтуынша, кітапты дайындау нағыз шытырман зерттеу оқиғасына айналған. Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде — Атырау мен Оралдан бастап Алматы мен Қызылордаға дейінгі аумақтарда туып өскен авторлардың көзқарасы кітаптың мазмұнына да әсер еткен. Себебі бірі үшін өте маңызды болған нәрсе, екіншісі үшін мүлдем таныс болмай шыққан.
Фото: Ult.kz
Сондай-ақ ол бұл кітап энциклопедия сияқты болғанымен, нақты энциклопедия емес екенін айтады.
«Әртістерден ақпарат жинағанда олардың біреуінің маңызы бірінен артық, не кем емес екенін, бәріне бірдей қарауға, бәрі туралы объективті ақпарат беруге тырыстық», - дейді ол.
Гүлнар Наурызбай барша өнерпаздарға өздері туралы ақпаратты интернетте сақтауға кеңес берді.
«Кез келген естелік өте маңызды. Әр қадамыңды құжаттандырып, сақтап отырса дұрыс болар еді. Толық мәліметтерді қамтитын жеке сайт, Википедиядағы парақшалар зерттеулерге зор көмегін тигізер еді», - деп назын жеткізді жоба менеджері.
Ақпараттың жетіспеуі салдарынан авторлар түрлі форумдардан, подкасттардан, YouTube арналардан, әлеуметтік желілер мен, әрине, музыка индустриясының өкілдерінің сұхбаттарынан мәлімет жинаған. Мұның бәрі қазақстандық шолушылардың кәсіби талдауымен толықтырылған: Әділ Айжарық (Zamandas подкастының редакторы, ‘98mag колумнисі, qazaq indie лейблінің креативті продюсері) және Александр Медведев (сценарист, режиссер, BLVD Magazine мен Esquire Kazakhstan-ның бұрынғы бас редакторы) командасымен бірге зерттеу нәтижелері эсселерге жинақталған.