06 жел, 2023 сағат 18:36

Тоқаев Ақтөбе облысының әкіміне жаңа театр салуды тапсырды


Мемлекет басшысы Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент, ең алдымен, Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың ескерткіштеріне гүл шоғын қойды.


Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапары аясында Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы бүгінде халықтың театрға қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталды. Осы орайда Президент өнер ордасы ғимаратының тозғанын айтып, облыс әкіміне жаңа театр салуды тапсырды.


Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығы өкілдерімен әңгімелесу барысында елімізде заң үстемдігін сақтау және ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру керек екенін атап өтті.

"Мен қай жерге барсам да, заңның үстемдігі туралы айтып жүрмін. Бұл – өте маңызды. Олай болмаса, табысты мемлекет құра алмаймыз. Жастармен кездескен сайын оларды еңбекқор, тәртіпті болуға шақырамын. Жалпы жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазақстанды дамыту – халықтың, мемлекеттің шаруасы", – деді Президент.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Ақтөбе облысын көркейтуге елеулі үлес қосып жүрген түрлі саланың өкілдеріне ризашылығын білдірді.