27 қар, 2023 сағат 18:55

"Төрт ағайынды" ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі Еркін Ізбасар қайтыс болды

Фото: diapazon.kz

Ақтөбеде "Төрт ағайынды" ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі Еркін Ізбасар қайтыс болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ізбасардың қайтыс болғаны туралы ақпаратты оның жақын досы Бауыржан Нұрмаханов растады. Сондай-ақ, ол туған-туыстары мен жақындары Еркін Ізбасарды жерлеуге дайындалып жатқанын атап өтті.

"Иә, бүгін таңертең. Қазір бәрімізге оңай емес. Еркін көптен бері ауырған болатын", - деді Бауыржан Нұрмаханов.

Еске салайық, 2018 жылдың тамызында Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Еркін Ізбасар 12 жылға бас бостандығынан айырылған еді. 

Прокуратураның жазаны қатайту туралы шағымынан соң, қазан айында апелляциялық алқа Ізбасардың жазасын 16 жыл етіп өзгертті.

Азаттық радиосының мәліметіне сүйенсек, үш жылдан соң, яғни 2021 жылдың 21 қазанында ол денсаулығының нашарлауына байланысты Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/20 мекемесінен босап шыққан.

Арнайы медициналық комиссия мен түзету мекемесі басшысының, басқа да тараптардың пікірін ескерген Өскемен соты Еркін Ізбасарды денсаулығы жақсарғанға дейін бостандыққа жіберген. Осы себепті жазасын өтеуші Еркін Ізбасар үнемі құзырлы органдар бақылауында болған.