12 ақп, 2024 сағат 13:27

Трассаларды уақтылы тазаламаған жол қызметкерлері жұмыстан шығарылды


Фото: Бас көлік прокуратурасы

Трассаларды дұрыс күтіп-ұстамағаны үшін жол қызметшілері жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көлік прокуратурасы органдары қыс мезгілінде халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жөніндегі уәкілетті органдар мен ұйымдардың қызметін тұрақты бақылайды.

Қадағалау іс-шаралары барысында жолды күтіп-ұстауға жауапты мекемелер өз қызметтерін тиісті деңгейде атқармағаны анықталды. 

Мәселен, Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасы "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ және "Қажсервис" ЖШС аумақтық филиалдарында қар тазалау техникасы мен көктайғаққа қарсы материалдардың тапшылығын анықтады.

Температураның күрт өзгеруі мен қардың түсуі кезіндегі бұл жағдай Солтүстік Қазақстан облысының республикалық жолдарындағы жол қозғалысын қиындатып, жүргізушілерге қауіп төндірді.

Шымкент көлік прокуратурасы да тексеріс жүргізді. Нәтижесінде Түркістан облысының республикалық жолдарын күтіп ұстау үшін жол техникасының аз екенін анықтаған. Нәтижесінде, өткен жылдың 12-15 желтоқсаны аралығында қарлы боран мен қар жауған кезде кешіктірілген тазалау жұмыстары "Шымкент-Тараз" бағыты бойынша көлік ағынын тоқтатып, 50-ге жуық автокөлік жолда "тұрып қалды".

Анықталған бұзушылықтарды жою үшін прокуратура автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық операторға ұсынымдар жолдады.

Прокуратураның қадағалау актілерінің бірі бойынша лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 11 қызметкерімен және "Қажсервис" ЖШС Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директорымен еңбек шарттары бұзылды. Тағы біреуі бойынша – қызмет көрсететін мердігерлерге 1,6 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар көлік прокурорларының тексерісінен кейін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ қосымша 245 жол техникасын сатып алатын болды. Алдағы уақытта ел өңірлеріне таратылады.