20 қар, 2018 сағат 11:44

Түлкібастық қарияның толайым табыстары

Түлкібас стансасында Әжібай Сабуров есімді зейнеткер аға тұрады. Бір сүйсінерлігі, жасы жетпіске келіп қалса да ағамыз әлі бақуатты, жүрісі ширақ. Қашан көрсең де, әлдебір жұмыспен қауырт жүргенін байқайсың. Өмірі өзгеге үлгі боларлықтай ағамыздың бүгінгі шаруашылықтағы еңбегін айта кеткенді жөн көрдім.

1949 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келген ол кісінің жастық шағы тым ауыр болыпты. Әке-шешеден ерте айырылған оны ағайындары жетім балалар үйіне тапсырған. Құжаттары дұрыс болмай мектеп табылдырығын кешірек аттаған бала зеректігінің арқасында сабақты жақсы оқыпты. Он жылдықты қатарының алды болып тәмамдаған ол жоғары оқу орнына түсіп, заңгер-экономист мамандығын алып шығады. Әжекеңнің мамандығы заңгер болса да, өзі ауыл шаруашылығы саласына бейім болғандықтан осы салаға бет бұрады. Ұзақ жылдар Қарақалпақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жоспарлау басқармасында қызмет атқарады. Кеңес Одағы ыдырап, ел тәуелсіздігін алған соң Сабуровтар отбасы атажұрты, өздерінің тарихи атамекені – Қазақстанға бет түзейді. Әрине, бір елден екінші елге көшіп келген адамға жаңа ортада бейтаныс адамдармен тіл табысу оңай шаруа емес. Дегенмен, қонақжай Түлкібас халқы жаңа көшіп келген отбасыны жатырқамай жақсы қарсы алды.

Сонымен, жұмыссыз бір сәт қарап отыра алмайтын тынымсыз ағамыз жергілікті әкімдікке барып, өзін таныстырып, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек тәжірибесімен бөліседі. Сол кездегі аудан әкімі Асқар Бейсенбаев тарихи отанын аңсап келген қандасымыз Әжібай ағамызға түсіністікпен қарап, шаруашылығын дамыту үшін жер беріп, диқаншылықпен айналысуына бар жағдайды жасайды. Осылайша, Түлкібастың төрінен жер алып, көкөніс өсірумен айналысып, жұмысты дөңгелетіп алып кетеді. Қазір Сабуровтар отбасы «Мирош» өндірістік кооперативін құрып, мал шаруашылығына ден қойған.

Кооперативте 54 мүше бар. Оның 18-і қазіргі таңда жеңілдетілген несие алып, мал бордақылаумен айналысып келеді. Бүгінде қарамағында 40-тан астам қара мал бар. Оның отызы сауынды сиыр. Келіндері, балалары, немерелері, барлығы жабылып 30 сиырды сауып, Азаттық ауылындағы сүт, май, қаймақ өндіретін зауытқа тапсырып тұрады. Одан бөлек 28 жылқы бар. Етті мол беретін жылқыларды 1-1,5 жас кезінен Ресейден әкеліп, бордақылайды.

Оның еңселі үлкен үйінің айналасы түрлі қора-жайларға толы. Мұнда бордақыланатын жылқылар, сауылатын сиырлар, асыл тұқымды бұқалар бөлек-бөлек жайғасыпты. Біз келгенде ағамыздың кішкене немересі, 6-сыныпта оқитын Нұрқанат екі жасар герефорд, абердин-ангус асыл тұқымды мүйізсіз, ірі қараларға шөп салып жүр екен.

– Бұл – асыл тұқымды бұқалар. Қолдағы сауын сиырларды осы бұқалармен ұрықтандырып, одан ірі төлдер алып жүрміз, – деді Әжекең біздің бұқаларға қызыға қарап тұрғанымызды байқап. Келесі қорада ағамыздың қолдағы келіні Алтынай сиыр саууды жаңа бастапты. Сенбі, жексенбі күндері Әжібай ағамыздың өзге ұлдары мен келіндері келіп, қолғабыс жасап, жұмыстарын жеңілдетіп кетеді екен.

– Шынын айтқанда, осыншама малға қарау оңай емес, – дейді кейіпкеріміз шаруашылығымен таныстыра жүріп, – Біздің жұмыс таңертеңгі сағат 5-тен басталып, түннің бір уағына дейін жалғасады. Қолдағы малға күнделікті жем-шөбін, суын беріп, астын тазалап тұру да үлкен шаруа. Сондықтан, бізде уақыт тапшы. Малды тастап ешқайда да кете алмаймыз. Тіпті, қартаюға да уақыт жоқ, – дейді әзілдей күліп.

– Иә, Алланың берген 9 перзентіне ризамын. Бұл іске мен басшылық жасағаныммен, бар жұмыс солардың мойнында. Одан соң маған үнемі қолдау білдіріп, кәсіпкерлік саласына бар жағдайды жасап келе жатқан Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековке, Түлкібас поселкелік округінің әкімі Бауыржан Ахметовке де шексіз ризамын. Осы азаматтардың қамқорлығының арқасында келесі жылы үш гектардай жер алып, мал сою цехын ашуды да жоспарлап отырмыз. Мұның әрі мал бордақылаумен айналысатын жергілікті азаматтарға да тиімді болары сөзсіз. Міне, біздің бар тіршілігіміз осындай, – дейді Әжекең.

Тоғыз перзентті дүниеге әкелген атайдың өмірлік жары Маруся Жолдасбаева да 28 жыл мұғалім болып, бала тәрбиесімен айналысқан. Бүгінде үйдегі шаруашылық жұмыстарына балаларын бір кісідей жұмылдырып отырған ақылды анаға біз де риза болдық.

Орынтай КӨМЕКОВ, Түлкібас ауданы.

"Оңтүстік Қазақстан"